Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланды: Заңгер боксшының қанша жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты

Қазақстандық заңгер Дәурен Ысқақов Бейбіт Шүменовтің қатысуымен болған жанжалға және боксшыға іздеу жариялануына байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri Sport сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Тергеу Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" 1-бөлімі бойынша тіркелді. Осылайша, Бейбіт Шүменов 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектелуі және сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін",  – деді ол.

“Бұл қылмыстық құқық бұзушылық ауыр емес санатқа жатады” деп атап өтті сарапшы.

"Тәртіп сақшылары спортшыны ұстамау туралы шешім қабылдағаны да осы болса керек. Бұл жерде олар әдетте күдіктінің тергеу барысына кедергі келтіруі, куәгерлерге қысым көрсетуі, қылмыстық қудалау органынан жасырынуы немесе қылмыстық әрекетін жалғастыруы мүмкін кезде ұстайтынын түсіндірген жөн.

Белгілі болғандай, Шүменовке мемлекетаралық іздеу жарияланған, демек, боксшы елден кетіп қалды деген қорытынды жасауға болады", – деді ол.

Заңгер қазіргі жағдайға тәртіп сақшылары кінәлі ме деген сауалға жауап берді.

"Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, зардап шеккен тарап қылмыстық құқық бұзушылық болмағандықтан істі тежеуге жіберген полицейлердің үстінен шағым түсірген. Бұл жағдайда полиция шынымен де заңбұзушылыққа жол берді, себебі олар сотқа дейінгі тергеуді дер кезінде бастамады. Резонанс күшейгеннен кейін ғана бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деді заңгер.

Адвокат желіге тарап кеткен астаналық сауда ойын-сауық орталығындағы кадрлармен танысты.

"Бір жағынан, шынымен де белгілі боксшы тарапынан бұзақылық жасалды деп қорытынды жасауға болады. Екінші жағынан, қажетті қорғаныс шегінен асып кеткен жағдай болуы мүмкін. Шүменовтен соққы алған азаматтың да бұзақылық белгілерін көріп тұрмын, өйткені ол да төбелесіп, соңына дейін барды. 

Бірақ мен видеоның бір үзіндісін ғана көрдім, соған байланысты барлығын сұрыптап, екі тараптың дәлелдерін зерделеп, куәгерлердің айғақтарын тыңдап, бейнежазбаларды зерделеу арқылы әрқайсысының әрекетіне объективті баға беруге болады, оны сот сөзсіз орындайды", - деп түйіндеді сарапшы.

Айта кетейік, маусымның 18-і күні Астанадағы ірі сауда орталығында төбелес болып, Шүменов қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан. Кейіннен бұл жекпе-жекке қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің қатысы бар екені белгілі болды.

Жәбірленушілер қылмыстық заңбұзушылықтың жоқтығынан "істі тежеуге жіберген" полицейлердің үстінен шағымданған. Оқиға жұртшылыққа жария болған соң полиция қайтадан тергеу жүргізіп, істі жауып тастаған полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру тағайындалған еді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бейбіт Шүменовке мемлекетаралық іздеу жарияланғаны туралы жазған едік. 

Талқылау