Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бейбіт Сарыбай: Президенттің әйел болғанын қаламаймын, әйел өзінің "қазан-ошағымен" отыру керек

Жас буын жазушылардың алдыңғы қатарында тұрған қаламгер, бірнеше тележобалардың жүргізушісі ретінде танылған, "Фейсбук" әлеуметтік желісінде көпшілік іздеп оқитын азаматтардың бірі Бейбіт Сарыбай Stan.kz сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, елімізде болып жатқан оқиғалар, қазіргі әдебиет жайы, қазақ әйелінің рөлі, арзанқол дүниеге жақын әртістер туралы пікірімен бөлісті. 

Сарыбай

Қоғамда болып жатқан оқиғалардан көңіліңізді не қалдырады, не қуантады?

Көңілімді қалдыратын нәрсе-арзандап кеттік. Жалпы дүниеге деген көзқарасымыз, құндылықтарымыздың орны ауысып кетті. Болмайтын арзан дүниелер алдыға шықты. "Керуен кері бұрылса, ақсақ түйе алдыға шығады" деген бар. Қазір керуен кері бұрылғандай, ақсақ түйелер алдыға шыққандай болып тұр.

"Ақсақ түйелер" деп отырғаныңыз кімдер?

Арзан эстрадаңыз, арзан шоуларыңыз, әжуаларыңыз - бәрі. Кітап оқу, білім жетілдіру деген құндылықтар қалып бара жатыр. Тағы да "ақсақ түйелердің" бірі - ақшаға тренинг өткізетіндер. Соларға қандай адамдар алданады? Білімсіз, тобырға айналған адамдар ғана. "Аңқау елге арамза молда" дегендей, қалталарындағы ақшаларын суырып алып, өтірік ақылдарын боратып жатыр. Осындай нәрселер менің жанымды ауыртады.

Қазір біздің халқымыз сауатсызданып бара жатыр. Сол сауатсыздықтың бір ғана көрінісі осы. Инстаграмда да ондайлар өріп жүр. Бірдеңе "ханым" дегендер отырып алып, ақшаға ақыл айтады.  Сондай қатындарға ақша беріп отырған халық сауатты деп айта аламыз ба? Нағыз сауатсызбыз. 
Әрине, бәрі құрып кеткен жоқ. Жастардың ішінде де де өте сауатты, іскер жастар бар. Бірақ бұлардың әрі асып кетсе халықтың 30% құрайды. Қалғаны сауатсыз.

Фейсбукта аудиторияңыз бар, танымалсыз. Сіздің де ойда жоқ па тренинг өткізу? Сол танымалдылығыңызды неге пайдаланбайсыз?

Олай істеуге болады. Негізі өтірікті жақсы айтамын. Адамдарды күшті сендіре аламын. Сол өтірікшілігімді пайдаланып, ақша табатын болсам адамдарды көп жинайтыныма көзім жетеді. Бірақ олай болмайды ғой. Ұят емес пе? Халықтың аңқаулығын пайдаланып, қалтасындағы ақшасын алу - арам. Олардың бәрі арам ақша тауып жүр. 

Танымалдылығыңызды пайдаланып, қомақты қаржыға жарнама ұсынып жатқандар бар ма? 

Өтірік айтпайын. Бірді-екілі заттарды бөліскенім бар. Бірақ қомақты ақшаға емес. 

Қоғамда кумирға айналған Аша Матай, Замира, Айжан сынды адамдарға көз қарасыңыз... ?

Халыққа жаны ашымастық деген  бар. Олардың бағдарламалары халықты тобырға айналдырады. Сол арқылы ақша, нан тауып отыр ғой. Сондай бағдарламаларды жасап жүргеннің барлығына керегі ақша. Қатты жиіркенгенім сонша, олар туралы ештеңе айтқым келмейді. Тіпті, боқтық сөзімді қимаймын. 

Қазіргі таңда Қазақстанда гендрлік саясат дамуда. Бұған көзқарасыңыз қандай?

Кішігірім отбасының өзін ер адам басқару керек деп ойлаймын. Себебі, ер адам не айтса, сол заң болу керек. Әйел өзінің қазан ошағымен отыру керек. Балалардың тәрбиесімен айналысуы керек. Бұл мемлекет басқаруға да тікелей қатысты. Ер адамдар билік басында болу керек.

Білім министрі әйел кісі болды ғой. Оны қолдаймын. Өйткені, өз саласының жетік маманы. Сол себепті де лайық деп ойлаймын. Сол секілді денсаулық сақтау министрлігінде де әйел азаматша болса, оған ешқандай қарсылық жоқ. Ал енді басқа биліктің бәрі ер адамның қолында болу керек деп ойлаймын. 

Президентіміз әйел болса, көз қарасыңыз қандай?

Мемлекетіміздің басында әйел азамат болғанын қолдамаймын. Президент бар, үкімет басшылығы бар, әйел азамат болғанына қарсымын. Дариға ханымның сол орында отырғанына қарсымын. Гендерлік саясатты қолдамаймын. Президентімізді әйел азаматы ретінде елестете алмаймын. Әйел азаматшалардың ерлерге қарағанда мүмкіншілігі төмен. Қарым-қабілет жағынан болсын.

Сіздіңше қазақ әйелі қандай болу керек, нағыз ері ше?

Арын аттамайтын, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтын. Өзін сүйгізе білуі керек. Ол ақылды, дана болу керек. Сондай биік бола тұра ер азаматтардан өзін төмен санауы тиіс. Ер адамның жолын кеспеуі, алға ұмтылмауы керек. "Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без" деген мақалға үшінші жол қосқым келеді. Күйеу тұрып әйел сөйлегеннен без деп.

Нағыз ер бір сөзді болу керек. Айтқанынан қайтпайтын, сөзіне жауап беретін болу керек. 

Елімізде болып жатқан соңғы өзгерістерден не күтесіз?

Үлкен өзгеріс болып жатқан жоқ. Президенттік сайлауға үміткер адамдардың бәрін көріп отырсыз ғой. Соларды көріп отырып, қайран президенттік сайлаудан да қадір кетті ғой деп айтқың келеді. Ешқайсынан үміт жоқ. Жалғыз Әміржан Қосанов қана осы сайлаудың бағасын арттырып тұр. Сайлаудың отын жандырып, көрігін қыздырып, қызық қылып жатқан сол кісі. Егер Әміржан Қосанов ұсынылмаған болса, онда бұл сайлауда ешқандай қадір жоқ еді. 
Сайлау әділ өтетін болса, Қосанов 30-35% дауыс жинайды. Соның өзінде Тоқаев қандай жағдай болмасын президент болады. Әділ өтсе де, әділетсіз өтсе де. Өйткені, қазір халықтың көріп, біліп, танып отырғаны Тоқаев болған соң дауысты соған береді.

Президент болғанына ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ Назарбаев ұсынғаннан кейін Тоқаев сол кісінің саясатын жүргізеді. Сол кісінің айтқанынан шықпайды. Тоқаевтан кейінгі президент келсе, сонда өзгеріс күтуге болады. Мүмкін Тоқаевтің өзі нақты сайланғаннан кейін халық сайлаған өкіл ретінде өз үстемдігін жүргізу керек. Қазір уақытша президент ретінде мінез көрсетпеуі мүмкін.

Бір ғана нәрседен қорқамын. Сол болмаса екен деймін. Тоқаев сайланғаннан кейін  бір жыл, екі жылдан кейін денсаулығыма байланысты кетемін десе, Дариға Назарбаева автоматты түрде  президент болады. 

Қазіргі әдебиетке деген сұраныс бар ма?

Әрине, бар. Халыққа кең танымал болу үшін әнші болу керек. Ал жазушылар халық ықыласына әншілер сияқты бөлене алмайды. Соны біле тұра осы жолға келеді. Өйткені, оларға керегі танымалдық емес, халықтың құрметі, бағасы ғана.

Қазақстандық жазушылар тек жазушылықпен ғана байып кете аламайды?Неге шет елдегідей сатылым болмайды? 

Біздегі кемшілік осы. Біздегі жазушылардың алдында бір-ақ мақсат бар. Жақсы жазу деген ғана. Оның таралауына, жарнамасына, бизнес көзіне айналдыруды мүлде ойлап көрмеген. Осы олқылықтың орнын  толтыру үшін сол жарнамамен, көп таралым шығарумен айналысатын агенттік керек. Соның жолын білетін, істі жақсы басқара алатын азаматтар болса, бізде жақсы жазушылар бар. 

Әнші, ақындар затында серілікке жақын болатынын білеміз. Бейбіт Сарыбай сері ме?

Жауап бермесем бола ма? (күліп)

Халқымыз о бастан, әнші ақындарды өнер иелерін сыйлаған құрметтеген. Халықтың сый құрметіне қаншалқыты бөленесіз?

Халықтың бәрі емес, отыз пайызы талантты сыйлайды. Қалған жетпіс пайызы танымалдылықты сыйлайды. Бізді құрметтейтін адамдар бар. Олардың сыйына да бөленеміз. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Оның үстіне кез-келген жерден сый құрмет күту дұрыс емес  деп ойлаймын. Өзімді танымалмын, даңқтымын, жүрген жерімде сый-құрмет көрем деп айта алмаймын. 

Әзіл-қалжыңға жақын екеніңізді білеміз. Көпшілік жерде сіздің астарлы әзіліңізге билік басындағылар ілінеді. Лаузымды тұлғалар, министрлер, мәдениет министрі де бар. Лауазымды кісілермен "ойнауға" қорықпайсыз ба?

Несіне қорқамын. Қорқатын түгі де жоқ. Ескерткен, қорқытқан адамдар болды. Бір кісі туралы көп жазып кетіп едім, оның "мәнті құлақ" інілері келіп "Бейбіт Сарыбай деген кім? Сол біздің брат туралы әңгіме айтып жүр екен. Соны қайырып тастау керек еді" деп айтады дейді.

Түк жұмыссыз қалсам да, күнімді көретін адаммын ғой. 

Жазушылар одағында істеп жатқаныңызға көп болды. Сізді мұнда не ұстайды?

Өзіме ұнайтын шаңырақ. Осында жұмыс істеген ұнайды. Оның үстіне әдебиетке қызмет ету деген үлкен парыз бар. Мен әдебиетке қызмет істеп жүргенім үшін қатты қуанамын, ризамын. 

Тамада болып қызмет жасаймын деп қалдыңыз. Ақындар, жазушылар ол кәсіпті арзанқол дүние деп біледі...

Мен де арзанқол деп білемін. Төмен саты. Мысалы, танымайтын кісіге мені тамада деп таныстырып жатса, қорланып қаламын. Ақын, жазушы болатын адам өзін биік ұстау керек. Арзан дүниемен айналыспау керек, тұлға болу керек қой ол. Ал тамадалық тұлғалыққа жеткізбейді. Тамадалықтың наны тәтті сол үшін. 

Бір сұхбатыңызда: «Қазіргі сатира анекдоттың деңгейінен аспай қалды» деген екенсіз. Сатира саласында жүрген саңлақтарымыз ренжиді деп ойламайсыз ба?

Ол рас нәрсе. Кәсіби сатира Толымбек Әлімбекпен тоқтап тұр. Ал онда кейін таза әдеби сатирамен айналысып жүрген жігіттер жоқтың қасы. Ал мына сахнада жүрген актерлер жай ғана анекдот деңгейінде ғана. 

Жазушылық потенциалыңызды өз деңгейінде таныта алдым деп ойлайсыз ба?

Әңгіме сол потенциалдың қай деңгейде екендігінде болып тұр ғой. Басына келген идеяны әркім әр түрлі деңгейде жеткізеді. Мен кереметпін деп айта алмаймын. Осыған дейін керемет дүние жазып тастадым деп тағы айта алмаймын. Оның бәрі менің потенциалымның төмендігінен шығар. Жоғары болса, керемет дүние жазушы едім. 

Соңғы бір-екі жылда Фейсбукта белсенді болуды тоқтаттым. Тып-тыныш жатыр. Ішін ала-бұта басып кетті, өрмекші торлап кетті. Бұрын әр нәрсеге тиісіп жаза беруші едім. Менің о бастағы мақсатым танымал болу емес, жазушы болу еді. Кейіннен қарасам жазушы емес, блогер ма болып бара жатыр екенмін. Әңгіме емес, басқа жеңіл нәрселер күтетін болды. Сол себепті де тоқтаттым. 

 

Бейбіт мырза, сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

 

Сұхбатты дайындаған Жанна Мәлік

STAN.KZ
Бейсенбі, 02 Мамыр, 2019 12:20
Талқылау