Бетінде татуировкасы бар қазақстандық азамат төлқұжатын жаңарта алмай, жан айқайын жеткізді (фото)
Қазақстандық азамат Руслан Черных бетінде және мойнында татуировка болғандықтан, мерзімі өтіп кеткен құжаттарын жаңарта алмай жүр. Беттегі “суреттердің” фанаты біздің елімізде татуировкаға қарсы заң болмаса да, қызмет көрсетушілердің өзін адам ғұрлы көрмейтінін айтып күйінді. Айтуынша, заң қарсы болмаса да, жеке көзқарастарына сүйенген қызметкерлер оның өтінішін қабылдамақ түгілі, адам санатына қоспайды екен, деп жазады Stan.kz.
Бұл туралы құжаттарын жаңарта алмай жүрген Руслан Черных Facebook-тегі парақшасында жазды.
“Бетіңде тату болса, сен адам емессің немесе менің құжат жасауға деген талпынысым.
Бүгін Алмалы ауданындағы (авт. Алматы) ХҚО-ға барып, төлқұжат пен жеке куәлігімді мерзімі аяқталғандықтан қайта жасатпақ болдым. Алайда бетімде және мойнымда татуировка болғандықтан, ондағылар менің өтінішімді қабылдаудан бас тартты.
Бұдан шығар жалғыз жол – татуировканы опа-далаппен жабуға болатынын айтты. Бірақ егер расында түр-келбетім осындай болса (әуежайға гриммен емес, осындай түріммен барамын ғой), неге татуировкамен суретке түсуге болмайды? Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмады (рұқсат етілмеген деді, алайда кімнің рұқсат бермейтінін айта алмады).
Айтуларынша, өтініш берген күннің өзінде, зауыт төлқұжатымды басудан бас тартады екен. Оған негіз болатындай бапты не бұйрықты көрсетулерін талап еткенімде, тағы ешкім жауап бермеді. Анығында маған: «Мұнда сенен басқа да адам жетерлік, уақытымызды алма», – деді. Яғни мен олар үшін адам емеспін», – деп бастады сөзін азамат.
Бұдан кейін Руслан Черных татуировкаға қарсы заңды өздігінен іздеуге кіріскен. Ол осындай жағдайға тап болған өзі сияқты бірнеше азаматтың оқиғасына тап болғанын айта келе, шын мәнінде елімізде татуировкаға қарсы заңның жоқ екенін дәлелдеуге тырысқан.
«Қазақстанның ішкі істер министрлігінен алынған сөз:
«Беттегі татуировкаға келсек, мұнда әркімнің ісі жеке қаралады. Егер жуғаннан кететін болса, оны кетірген дұрыс. Ал егер оған мүмкіндік жоқ болса, онда рұқсат беріледі (жеке куәліктегі суретке де). Арнайы медицина мамандарына жіберіп, татуировканы кетіруге болатынын/болмайтынын анықтаймыз».
Жақсы, бірақ жеке іс дегеніміз қалай? Қандай маманға жібересіздер? Ол анықтаманың түрі қандай? Бұл сұрақтарды ІІМ-нің ФБ-дағы ресми парақшасына жолдадым, хат оқылды, алайда әлі ешкім жауап бермеді, күтудемін», – деп жалғады сөзін азамат.
Бұдан кейін Черных Қазақстан заңы мен халықаралық стандарттарда жазылған баптар мен ережелерді келтірді. Ол ешбір заңнын беттегі «суретке» қарсы келмейтінін дәлелдеп, сөз соңында ел ағаларын бұл мәселеге назар аударуды өтінді.
“Заң қарсы болмаса, неге мен (жалғыз мен емес) құжат жасата алмаймын? Ол аз десеңіз, неге маған адам ұқсап немесе азамат ретінде қызмет көрсетімейді? Бұл не деген ортағасырлық тәртіп? Жеке сізге ұнамаса, неге одан басқалар зардап шегуі керек? Бұл мәселе ресми деңгейде шешімін табуы тиіс деп ойлаймын. Дамыған әрі өркениетті ел болып көрініп қана қоймай, шын мәнінде сондай мемлекетке айналайықшы», – деп түйіндеді сөзін татуировка иесі.
Жіберіп алмаңыз:
Министр даулы орыс тілі оқулығына қатысты пікір білдірді
“Әліпбиге жарнама”: 1942 жылғы латынша жазылған дәптер жұрттың күмәнін туғызды (фото)
Тоқаев: үкімет мұғалімдердің жалақысын көтеруі тиіс
Алматыда пәтерін заңсыз жалға бергендер баспанасынан айрылуы мүмкін