Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмыссыздық пен жылдам баюға ұмтылады": Бестөбеліктер алтын қазумен заңсыз айналысатындардың неге көбейгенін айтты

Елімізде заңсыз алтын қазушылардың саны артып, көптеген оқиғалар анықталып жатыр. Алайда Бестөбе аймағындағы ауыл тұрғындарының айтуынша мұндай әрекетке барудың негізгі себебі жұмыссыздық. Кейінгі екі жылдың ішінде аймақта жер астындағы қауіпті жұмысқа заңсыз барған сегіз адамның денесі табылған. Осы тұста неліктен өмірлерін осынша қауіпке қиып, заңсыз алтын қазушылардың көбейгенін жергілікті халықтың өздері айтып берді.

Жұртты заңсыз алтын қазуға не итермелейді

Nur.kz порталының зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, алтынды заңсыз түрде табатындардың басым бөлігі – жігіттер.  Алайда олардың арасында зейнеткері де, жасөспірімі де бар болып шықты. Дегенмен мұндай жұмысқа әдетте физикалық жағдайы жақсы адамдар бара алады. Себебі жер астындағы жұмысқа әлсіздер шыдай алмайды. Оның үстіне бұл заңсыз болса тіптен қауіпті.

Жергілікті алтын қазушылар мұндай заңбұзушылыққа көбіне шарасыздықтан барғандарын айтады. Себебі аймақтағы жұмыссыздық отбасын асырауға, жан бағуға басқа таңдау қалдырмайды екен. Бестөбе тұрғындары неліктен кеніш жұмыс істеп тұрғанда да заңсыз алтын қазушылардың көбейгенін де түсіндіре кетті. Айтуларынша бұл шахтаның жұмысы кейінгі үш жылда ғана тұралап тұр екен.

Халық арасындағы жүргізілген сауалнама бойынша, ауылдағылар үшін заңсыз алтын қазумен айналысқандар туралы жаңалық тіптен таңғаларлық емес екен. Дегенмен қауіпсіздік ережесін елемегендердің табылған мәйіттері туралы оқиғалар кім-кімді де үрейлендіруі мүмкін. Мұнда кейінгі екі жылдың өзінде сегіз адам қаза болған. Биыл тағы бірі – Украина азаматының денесі табылған. 

"Жұмыс жоқ, жастардың күні қараң. Біздің қайта зейнетақымыз бар. Ал қаржыдан қиналғандар өмірін қауіпке байлап, кенішке түсіп жатады. Өзім мұғаліммін, бұрын өзім оқытқан оқушыларымның қазасы туралы есту ауыр тиеді. Мұндай да жағдайлар болып тұрады. Бір жағынан түсінемін, жігіттер отбасын асырау үшін қауіпке бел буып жатады. Ал екінші жағынан жастар қазір байлыққа бір күнде жеткісі келеді. Ешкім де вахтамен жұмыс істеп, жалақыдан жалақыға әрең жетіп отыратын өмір сүргісі келмейді. Заңсыз алтын қазудан миллиондап ақша табатын көрінеді. Дайын асқа тік қасық деп әуреленгеннің арты жақсы болмайды", - дейді ауыл мектебінің мұғалімі Сәлия Молдахметова.

Зейнеткер Нина Брокцитер қазір аймақтағы жағдайдың нашарлағанын алға тартты. Сол себептен де осындлай заңбұзушылықтар жиілеп кеткен.

"Кеніштің жұмысы тоқтап тұрғанына бірнеше жыл болды. Жастардың басқа амалы жоқ. Бұрын жақсы еді, ал кеңес кезінде тіптен жақсы болатын. Өзім кеніште көп жыл еңбек еттім. Осында туып-өстім, өндіріс тоқтап, жұрт екі қолға бір күрек таппай қалғаны жаныма қатты батты. Анау барыпты, мынау барыпты (шахтаға – авт. ескертпесі) деп естіп жатамыз. Үйінді астында қалып қойып, қазаға ұшырады дегенге құлақ үйренді. Көбі заңсыз алтын қазған, ұрлықты шарасыздық деп ақтап алып жатады. Бірақ мен сонда да мұндайды құптамаймын – заңды аттамай өмір сүру керек", - дейді зейнеткер.

Өз кезегінде ауыл әкімі Сырым Қабай жергілікті билік "Қазақалтын" компаниясымен бірлесіп, жұмыссыз қалған ауылдықтарға жұмысқа тұруына мүмкіндік жасалып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтіп тұрады, өзге өңірлерге жұмысқа жібереді екен.

"Басқа өңірлерге вахтамен жұмыс істеуге баруға болады. Бірақ қарттары барлар, малын тастап кете алмайтындар бар. Осындай сылтау көп айтылады. Меніңше, негізгі себеп көбісі тез байығысы келеді. Әрине, бұл адами фактор. Заңсыз алтын өндіру кеше пайда бола салған құбылыс емес, бұған дейін де болған. Алтынды заңсыз қазып алу 90-жылдары, КСРО ыдырағаннан кейін басталған. Бұл іспен айналысатындар өмірін қауіпке тігіп отырғанын түсінеді, бірақ тәуекелге барады", - дейді әкім. 

Оның пікірінше, заң бойынша жұмыс істегісі келетін адам әрқашан шешімін табады. Бәрі де адамның дүниетанымы мен адамгершілік қасиеттеріне байланысты. 

Жергілікті тұрғындардың ықпалы қандай?

Алтынды заңсыз қазуға жергілікті тұрғындардың өзі де баратынынан ескерсек, ұсталғандардың шамамен 30 пайызы бұл іспен айналысатындарға қолғабыс етіп жатады. Жекеменшіктегі кейбір аумақтарда бұрыннан қалған "дудка" деп аталатын орындар бар. Жер иесі заңсыз алтын қазушылардан ақша алып (100-200 мың теңге), кенішке түсуіне мүмкіндік жасайды. Былтыр осындай бір оқиға болған екен. Қорадағы жасырын сөре астынан табылған қазылған жер анықталып жойылғаннан кейін оны қайтадан қазған. Тұрғын массивінде осындай қаншама жер бар екенін және олардың қалай орналасқанын ешкім білмегені де мәселені қиындатып отыр. Әдетте мұндай орындарды заңсыз алтын қазушылар өзара сұрасып-білісіп анықтайды. Ал табылған күннің өзінде олар еш жазаланбайды – мұндай іске жауапкершілік қарастырылмаған.  

Алайда былтыр тұрғындардың бірінің үйінен алтыны бар материалды қайта өңдеу үшін жабдықталған сарайдағы цех табылған. Іс жүзінде қылмыстық іс қозғалғанымен, бірақ көп ұзамай ол да жабылған.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары келушілерге үйін жалға беріп, тіпті заңсыз әрекеттерден пайда тауып, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін жағдайлар да анықталған.

Мұндай іспен айналысатындар арасында Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының тұрғындары, тіпті елордалықтар мен шетелдіктер де бар. Бестөбе кенішінің басшысы Қанат Аманов құрамында заңсыз алтыны бар материал айналымымен ұйымдасқан топтар бар екеніне сенімді. 

"Заңсыз алтын қазушылар тобын құратын, оларды осында күтіп алатын, уақытша баспана беретін, тамақ әзірлеп беретін және нұсқау беретін түгелдей бір командалар бар болуы мүмкін. Кейбірі шығып, кейбірі кіріп жатады – бұл тізбек үзіліссіз жұмыс істейді", - дейді Қанат Аманов.

Ол сұраныс пен сатып алушылар мен ұйымдастырушылар, мүдделі тұлғалар болмаса, алтынды заңсыз өндіру, сату және өңдеу мұндай ауқымға дейін жете алмас еді дейді. Алайда полиция өкілдері мұны жоққа шығаруда.

Ауыл тұрғындары – шенеуніктерден бастап, қарапайым жолаушыларға дейін журналистердің Бестөбеге деген асқан қызығушылық танытып отырғанына таң. Өйткені заңсыз алтын қазушылар мен бұл іске қатысты барлық нәрсе көпшілік үшін таныс құбылыс. Бұл істі бәрі бірдей құптамайды, бірақ көбі одан кетәрі емес. Бұл ұзақмерзімді перспективада нендей жағдайларға әкеп соғуы мүмкін екенін ойлайтындардың қатары сирек. Ал қылмыстың масштабы әлдеқайда ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін.

Талқылау