Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бестөбе шахтасында су сору жұмыстары басталады – Роман Скляр

ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Рrimeminister.kz сайтының мәліметінше, сапар барысында ол жылу беру маусымына дайындық барысын тексеріп, Көкшетаудағы су тазарту құрылыстарының кеңейту жобасын жүзеге асырылуын бағалады.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев келер жыл қала үшін мерейлі болатынын алға тартты. Себебі Көкшетауға 200 жыл толмақ. Бүгінде қаланы абаттандырып, көркейту бойынша көптеген жоспар құрылған.

Одан әрі Роман Склярдың қатысуымен Бестөбе ауылы тұрғындарының бастамашыл тобымен кездесу өтті. Мұнда ауыл тұрғындарының жұмысқа орналасуы мен кеніштің болашағына байланысты сұрақтары талқыланды.

"Қазақалтын" ЖШС қызметкерлеріне қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы бос жұмыс орындары мен белсенді жұмыспен қамту шаралары, сонымен қатар 6 айға дейін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақылар ұсынылды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бұл мәселе Үкіметте бақылауға алынғанын атап өтті.

"Біз заң шеңберінде және халықтың мүддесі үшін әрекет етеміз. Тамыз айында Бестөбе кенішінде сорғылар мен құбырлар орнатылғаннан кейін суды сору жұмыстары басталады", – деді Роман Скляр.

Қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы кезеңіне 320-дан астам адам жұмылдырылған. Бестөбе кенішіне иелік ететін “Алтыналмас" АҚ-ның мәліметінше, су тартылып, жаңа тау көкжиектеріне шығу мүмкіндігі ашылғаннан кейін жергілікті тұрғындардан 300-ге жуық кенші қосымша жұмысқа тартылады. Ал кәсіпорынды қалпына келтіру үшін толық жалақымен қажетті жұмысшылар саны тартылады. Қалған жұмыссыздарға "Алтыналмас" АҚ және "Қазақмыс" корпорациясының басқа өндіріс орындарында қызметке орналасу мүмкіндігі ұсынылады.

“Облыс әкімдігі жұмыссыз қалғандарды жұмыспен қамту үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды", –  деп түйіндеді Роман Скляр.