«Бешбармақ» сөзі ғалымдардың шамына тиді
Ақтөбелік ғалымдар тағамның «бешбармақ» атауын өзгертуді сұрайды. Олар бүкіл қазақ халқын қорлайтын қателікке көпшіліктің назарын аударуға талпынуда, – деп хабарлайды BNews.kz.
Ақтөбе қаласының ғалымдары қазақтың ұлттық тағамын «бешбармақ» деп атауға наразылық танытты. «Бес бармақ» сөзі тағамның қолмен желінетінін білдіреді.
«Әлдекімдерге қызық болып көрінер, ал мен қорлау деп санаймын. Мысалы, қытай, жапон және Оңтүстік-Шығыс Азияның кей халықтары өз тағамдарын таяқшамен жейді. Бірақ олардың тағамдары «екі таяқша» деп аталмайды ғой. Сонымен қатар кез-келген түркі тілді халық «бармақ» дегеннің қол мен аяқтағы үлкен саусақ екендігін біледі. Ал қалған саусақтар «саусақ», аяқтағылары «башпай» деп аталады. Яғни біздің бір қолымызда бір бармақ және төрт саусақ бар. Демек біздің бір қолында он үлкен бармағы бар мутант болғанымыз ба?», – деп шамданады философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов.
«Мұның барлығы, алдымен, еуропацентризммен байланысты. Олар басқа халықтарды мәдениетсіз, дамымаған деп білген. Бірақ етті шанышқымен, қасықпен және пышақпен жеу, бір жағынан, ыңғайсыз болса, екінші жағынан, дәмі өзгеше болады», – дейді ғалым.
Ғалымның сөзінше, қазақ халқында «жаубүйрек», «қазанжаппай», «бұжы», «қазы», «бұқтырма» және т.б. сынды тағамдар көп. Бірақ қазақтың негізгі тағамы «бешбармақ» емес, «ет» деп аталған. Ол – қазақтардың көшпелі тіршілігімен тығыз байланысты ас.
«Малдың анатомиялық құрылысын жете білетін адам оның тұтас етін 12 бөлікке бөлуге болатынын біледі. Әр бөлік негізі «жілік» аталатын белгілі бір сүйекпен байланысты. Қазақ халқында сүйектердің берер мән-мағынасы әртүрлі. Мысалы, бас – бәрінен жоғары. Мұнан кейін жамбас, жауырын, онан соң ақсақалдарға, үлкен, сыйлы қонақтарға, әсіресе, құдаларға ұсынылатын басқа сүйектер бар. Егер қызы төркіндетіп келсе, оған құйымшақ, ал күйеу баласына төс ұсынған.
Отанасы қай табаққа қандай сүйектер салынғанын бақылау керек. Әдетте үй иесі әйеліне қонақтың мәртебесін түсіндіреді. Ал ол кісіге қандай жілік ұсыныларын әйелі өзі-ақ ұғынған. Егер ол сүйектерді шатастырып алса, үй иесі үшін кешірілмес қателік саналып қана қоймай, қонақтың ренжуіне, тіпті, қорлағандай күйде болуына сеп болған. Ал егер үй иесінің мал союға жағдайы келмесе, соғым етінен таңдаулы сүйектерді алып қоюы тиіс. Соғым – қысқа дайындалатын ет қана емес, сонымен қатар аяқ асты келген қонақты күтуге дайын болу», – дейді Алтай Тайжанов.