Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Беш» бейнебаянын ұйымдастырған біз емес. Әли Оқапов атышулы клипке қатысты пікір білдірді

Әли Оқапов қазақтың ұлттық тағамын қорлап, ұнды шашып елді шулатқан бейнебаянға қатысты өз пікірін білдірді. Әнші аталмыш туындының ұйымдастырылуына өзінің де, анасы Роза Рымбаеваның да қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Одан бөлек, әнші ұнды шашып, асты қорлаған кадрлардың олардың қатысуынсыз, бөлек жерде түсірілгенін мәлім етті. Сондай-ақ Рымбаеваның тұңғышы Хабар арнасындағы «Компромат» бағдарламасы барысында өмірі мен шығармашылығына қатысты өзге де сауалдарға жауап берді.

29da77b7e2adc124331baeea452573fb

Назарларыңызға аталмыш сұхбаттан үзінді ұсынамыз.

– Әли, қазақ халқы аттан құласа да, салттан құламаған. «Ұстанған бағытым бар, әр кезде анам ақылшым» дедіңіз. Бірақ «бешбармақ» жайындағы бейнебаянды қозғамасақ болмайтын шығар. Жалпы менің көкейімде жүрген «Неге?» деген сауалға жауапты өзіңнен алғым келеді. Қателеспесем, Тиматидің клипіне ұқсатып түсіргенсіздер. Бейнеклип былай тұрсын, оның ішіндегі «бешбармақ» сөзінің өзі қате. Өйткені тарихына үңілетін болсақ, бұл сөзді қазақ халқын кемсіте қолданған. Қазақ әркез «асқа, етке келіңіздер» деп шақыратын болған. Екіншіден, балалардың да ұнды шашып, кокаин ұқсатып мұрындарына жағып, қазыны ұстап, қалай-болса солай жеп… Соның бәрін ойласақ, мұнда қайдағы салт, қайдағы тәлім-тәрбие? Не үшін бұл бейнеклипті түсірдіңіздер? Сіз жас болдыңыз, сізге жарасатын шығар. Ал анаңызды неге шақырдыңыз?

– Бұл бейнебаянның тарихы өте қызықты. Жалпы ыұйымдастырған, түсірген біз емес. Тіпті, анамның осы бейнебаянға қатысатынын мен түсірілім алаңында білдім. Екеуміз кездесіп, қатты таңқалдық. «Түсірілімге кеттік» деп үйден шығып кеттік, қарасақ бір жерге келіппіз. Ұйымдастырған оны басқа жігіт. Режиссерін танымаймын. Екіншіден, әнді алсақ, кәсіби мамандарымыз зерттесе, оның ішінде менің даусымның жоқ екенін байқайды. Мені жай ғана 1-2 жеріне қатысу үшін шақырды, студияға да барған жоқпын. Үшіншіден, бұл бейнебаянды эфирге не желіге таратуға біз, әрине, рұқсат бермедік. Халыққа тарап кеткені жай ғана қателік. Ол дайын емес нұсқа, оны өзіміз де көрмегенбіз. Біздің видео-инженер азаматымыз YouTube желісіне салып жіберді. Бір сағаттың ішінде тарап кетіпті. Өйткені, әрине, атауында Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Нұрлан Абдуллиндердің есімі жүр. Солай тарап кетті. Біз дайын нұсқасын көрсек, келісім бермеуші едік, заң бізді қорғайды, оған толық құқығымыз бар. Ал ұнды шашып, бет-аузына жағып дегенді біз көрген жоқпыз. Тағы да бір рет зерттеп шықсаңыздар, бізбен бірге сол кадрда болған жоқ. Оны бөлек түсірді, бізден басқа жерде, бөлек уақытта. Біз тек өзіміздің партияларымызды орындадық. Бізді алдады, өзіміз де күткен жоқпыз.

– Оған қарсы қандай шара қолдандыңыздар?

– Әрине, алдымен, хабарласып алып тастауын сұрадық. Бірақ ғаламтор дегенді білесіздер, тарап кетті. Оны тоқтату мүмкін емес. Екіншіден, бізден емес, халықтан кешірім сұрасын деп талап еттік. Сұрады. Ол туралы қаншама сұхбаттар болды. Кешірім бірнеше рет сұрадық, эфирге бірақ берілмеді.

– Әдемі көлік мініп, әдемі киініп жүресіз. Негізгі табыс көзің қайда?

– Табысым – өнерім. Концерт бар, той бар. 19 жасымнан бері өзім ақша тауып жүрмін.

– Сол табысың өзіңізге жетеді ме?

– Иә, жетеді. Жалпы өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Менде бәрі де бар. Біріншіден, денсаулығым бар. Екіншіден, тұратын үйім, жейтін тамағым бар. Маған көп ақша керек емес.

– Көпшілік өнерпаздар ауылдан келеді. Пәтер жалдайды, қиыншылықты көреді, жейтін тағамы да жоқ. Бірақ сенің басыңнан дүниеге келгеннен бастап ондай қиыншылықтар өтпеген сияқты. Бірақ сен «өнер жолы қиын, ауыр жол» деп айтып жатсың. Осы сөзің қаншалықты үйлесімді?

– Құдайға шүкір, біз баршылықта өмір сүрген баламыз. Не болса да, біздің үйде әрқашан да жейтін тамақ болды, киетін киіміміз болды. Қаланың баласымыз. Алдаудың да еш қажеті жоқ. Ол бірден көрінеді. Екіншіден, сол заманның қаншалықты қиын болғанын мен енді ғана біліп жатырмын. Өйткені әкем де, анам да оны ешқашан көрсетпейтін. Дағдарыс, Кеңес Одағының ыдырауы, әкемнің қайтуы, мысалға… Барлық ұйымдастыру жұмыстарын әкем жүргізетін. Ол кісіні біздің еліміздегі ең алғашқы продюсер деп атайтын. Менің ойымша, әкем шығарған екі жобаға тең келер әлі күнге дейін ешкім жасаған жоқ. «А-студио» тобы және Роза Рымбаева. Бірақ әкем қайтқаннан кейін анам өз өнерін ғана емес, пәтерақысын қайда төлейтінін білмейтін. Соның бәрін қайта үйренді. Одан бөлек, әкем қайтқаннан кейін 3 айдан кейін Мәди дүниеге келді. Оның бәрін бірге біріктіріп, бізге ешбір жасын көрсетпей, ер азамат ретінде көтеріп шыққанның өзі үлкен ерлік. Қаражат жағынан келгенде, менің тұратын үйім бар. Иә, әдемі мәшінелерді де жақсы көремін. Гастролдік сапарларым жақын жерде болса өзім барып, өзім келемін. Мысалы, бүгін түнде ғана Таразға өзім барып, өзім келдім.

– Сіз кімге ерекелейсіз?

– Білмеймін, еркелігімді өзім байқамаймын.

– «Қаланың баласымын, қаланың суын ішіп, ауасын жұттым» деп айттыңыз. Қарап отырсам, әндеріңнің көбісі қаланың әндері сияқты. Негізі ауылдың адамдары әннің парқына барады. Тек қана жастардың деңгейіндегі әнші болып қаламын деп қорықпайсыз ба?

– Ондай қорқыныш бар, әрине. Өйткені қазіргі күннің өзінде жастарға бізден де жақсы әншілер шығып жатыр. Бірақ әзірге өзімді осы бағытта жақсы сезінемін. Әрине, өмір бойы осы бағытта ән айтамын деп айта алмаймын. Маған да басқа бағыттар ұнайды, алайда әзірше оларды орындауға дайын емеспін.

– Бүкіл көрермендірімізді қызықтырып отырған сұрақ, Роза Рымбаева қашан келін түсіреді?

– Қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Тойды кез келген күні жасай салуға болады. Бірақ тойды той үшін ұйымдастыру дұрыс емес сияқты. Отбасы құруға дайын болу мүмкін емес, өйткені оның қандай болатынын сен білмейсің. Сөз бар, тәжірибелі адамдар бар ақылын айтады. Бірақ сенің өімірің қайталанбайды. Өз басым дайынмын деп есептеймін. Қандай қиыншылық болса да, қолдайтын ақылшыларымыз бар. Бірақ басты мәселе махаббат болуы керек. Махаббаттың арқасында отбасы құрылады.

– Бала кезіңізден ата-анаңыз құлағыңыз құйған кеңес, ақыл.. Қандай кеңестер сақталды осы күнге дейін?

– Анамның бір сөзі бар «Немен айналыспасаң да, бірінші бол» деген. Мен жалпы осы сөзді екі мағынада түсінемін. Біріншісі, әрине «үздік, мықты болу», екіншісі «сенен бұрын ешкім жүрмеген жолмен жүр» деген мағынада. Ал әкемнің айтқан сөздері, өкінішке қарай, есімде қалған жоқ.

– Сіз үшін өмірдің мәні неде?

– Бостандықта.

Жіберіп алмаңыз: 

Ділназ Ахмадиева өзін “қарапайым емес” деп айыптаған жанға жауап берді

Ди Каприоның фильмінен кейін Мақпал Исабекова вегетариан болып кетті

Сәкен Майғазиев “Ninety one” тобының 9 түрлі жақсы қасиетін атады (видео)

Жалаңаштанып жарнамаға түскен Айсәуле Бақытбекқызы халықтың сынына ілікті (фото)

 

 

Талқылау