"Бесеуі кәмелетке толмаған бала": Маңғыстау облысында жеті адам газдан уланып мерт болды
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылында жеті адам газдан уланып мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
Оқиға 2 наурызда жеке тұрғын үйде болды.
“Бір отбасы тұтастай уланды. Көмек көрсетуге келген құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадасы оқиға орнынан жеті адамды тапты. Оның ішінде бес кәмелетке толмаған бала бар. Барлығы сол жерде көз жұмды", – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала болжамы бойынша, қайғылы оқиға газ жабдығын пайдалану ережесін бұзу салдарынан болған.
Мәліметке сәйкес, марқұмдар Өзбекстан азаматтары. Олардың Қазақстанда уақытша тұрғылықты жері болған.
Төтенше жағдай себептерін анықтау үшін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқаратын комиссия құрылды. Қайтыс болған отбасының туыстарына жерлеумен қоса жан-жақты көмек көрсетіледі.
Жағдай Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында бір отбасы газға уланып, екі бала қаза тапқан еді.