Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бес мүгедек баласын зейнетақысына асырап отырған Гүлсім әженің көз жасы (фото)

Тәңірі әркімге әртүрлі тағдыр береді. Жаратушының әмірімен бір уыс топырақ пен бір тамшы судан жаралған адам баласы ойлау қабілеті дамыған, сөйлей алатын, тілдік қарым-қатынасқа емін-еркін түсе алатын жаратылыс емес пе? Әрбір адам – жеке физилогиялық тұлға. Сол саналы адамға жаратушының тарапынан берілетін тосын сыйды ешкім де болжай алмайды.

 08b847c3c1e62d326ff940bce7c0bdd7

Мәселен, Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Ново-Урицк станциясында Гүлсім Әмренова атты көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері тұрады. Қарт ананың тағдырындағы ауыр азапты көтере білу кез келгеннің қолынан келмейтіні анық. Ардақты ананың азапты күндерін оқырманға жеткізуді жөн көрдік, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Тар құрсағын жарып шыққан Гүлсім Әмренованың 5 бірдей ұл-қызы – мүгедек. Қазіргі таңда туа сап тағдыр тауқыметін тартқан жандардың көз жасын анасы Гүлсім әже мен қызы Жұмагүл сүртіп, жүрек жылуын беріп, бағып-қағып отыр. Мүгедек жандардың алдыңғысының жасы 50 асып, арты 40-қа таяған. Оларға қойылған диагноз да бірдей. Ақыл-естері дамымай қалған. Екеуі балаша еңбектеп жүрсе, енді біреуі қол арбаға таңылған. Ал, қалғаны мүлдем сөйлей алмайды.

fa70d07e8df748c4577c98e6688cbf7c

Осындай жандарды көріп, бұл да бір Алланың сынағы екендігіне шүбәсіз иланасың.

Мынау қымбатшылық заманда сау адамның өзі нанын әрең тауып жүргенде, бір үйде мүмкіндігі шектеулі 5 адамды бағып-қағу оңай еместігі айтпаса да түсінікті. Жарымжан жандарға мемлекет тарапынан берілетін зейнетақымен жыртығын жамамайтыны белгілі ғой.

e4af2603f0b000d10686c9882c01a1ae

«Осы балаларым үшін өмірдегі барлық қиындықтармен күресіп келемін. Өзімнің зейнетақым мен оларға алатын мүгедектік жәрдемақысын келесі айға зорға жеткіземін. Қазір бәрі қымбаттап кетті. Әрі балаларымның барлығы үлкен адамдар ғой, күніне үш-төрт мезгіл ас-сулары, памперсі бар. Құлыншақтарымның қызығын көретін шақта күніміз осыларды бағумен өтіп жатыр. Балаларымның дені сау болып, жұмыс істесе, әрқайсысы айына жүз мыңнан табыс тауып, отбасылы болып отыратын жандар ғой. Өкінішке қарай, олар менің көмегіме зәру болып отыр», – деп көз жасын төкті кейуана.

Шындығында, мүмкіндігі шектеулі жандарды бағып-қаққанда кәдімгі жер үйде тұру аса қиындық тудырады. Себебі, арнайы жуынатын бөлмесі мен дәретханасы жоқ. Оның үстіне қыстың күндері отын мен көмір тасу, пеш жағу секілді машақаты тағы бар. Тағдыр тауқыметіне төтеп беріп отырған ана бізбен әңгіме барысында қаладан арнайы пәтер ауадай қажет екендігін айтып қалды. Бұл оның басты арманына айналғанын да жасырмады.

44fd4ca2f19f4e38909db3881e35cd17

«Осыдан 5 жыл бұрын бұрынғы облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың қабылдауында болып, бір бөлмелі пәтер берілді. Өкінішке қарай, ол үй бір-ақ бөлме, әрі 4 қабатта орналасқандықтан, бас тартуға тура келді. Себебі, 6 баламен бір бөлмеге сыйып, 4-қабаттан қатынау қиынға соғатын еді. Оның үстіне ол үйде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай қарастырылмаған болып шықты», – деп ағынан ақтарылды ардақты ана.

Жығылғанға жұдырық дегендей бір үйлі мүгедек жан тұрып жатқан қазіргі баспана да өздерінікі емес екен. Олар қалаға көшкен алыс туыстарының үйінде қарауыл болып отыр. Оның үстіне иесі баспанасын сатуға қойған. Алатын адам табылған күні бір қора мүгедек баласымен қайда баратынын білмей отырған Гүлсім әже бізден көмектесуді көп өтінді.

Ерекше тоқтала кетерлік жәйт, ауданда көп балалы ананың жағдайына бей-жай қарамайтындар да бар. Яғни, Сарыкөлдің жомарт жандары мен мешіт жамағаты көмек қолын созып тұрады екен.

«Мереке күндері ылғи жақсы адамдар келіп, көмегін беріп кетеді. Осындай ересек мүгедектерге қарап отырған соң мені аяйтын да шығар. Қиыншылық кезде бізге жомарттық жасап, қол ұшын беретіндерге ақ батамды айтып отырамын», – деп өз-өзін жігерлендіреді анасы.

Жалпы, Гүлсім апа жарық дүниеге 14 сәби әкелген алтын құрсақты ана. Оның 7-і мүгедек болды (біреуі кішкентай кезінде, біреуі өскенде көз жұмды), қалған 7-уі дін аман.

Ананың айтуынша, мүгедек балаларының туғанда бәрінің де дені сап-сау болған. 4-5-сыныпты өте жақсы бағамен бітірген. Содан кейін бірінен соң бірі осындай айықпас дертке шалдыққан.

«Әкеміз Бағытжан балаларының ауыр жағдайын көтере алмай денсаулығы сыр беріп, осыдан жеті жыл бұрын өмірден озды. Бізді анамыз екеуі бағып-қақты ғой. Ол кеткеннен кейін балаларды мынадай жағдайда бағу кәрі анамызға өте қиын болды. Сондықтан, өзім солардың қасына келдім. Бір күнде 5 адамның тамағын әзірлеп-ішкізу, киім-кешектерін жуып-кигізу және далаға шығарып, қайта кіргізу – үлкен мәселе. Оларды моншаға апару да қиын. Белім ауырады. Мүгедек бауырларымның үлкені елуден асып, кішісі қырыққа қадам басқанмен, оларды бала секілді күтуің керек. Ол үшін мемлекеттен ештеңе төленбейді. Азғантай ғана пенсиялары бар. Әйтеуір, солардан қолым тигенде арасында жалдамалы жұмысқа шығып тұрамын. Қаладан жәйлі пәтерге қолымыз тезірек жетсе екен. Сонда кішкене болса да, көмек болып қалар еді», – дейді бауырларын бағуға анасына көмекші болып жүрген Жұмагүл Әмренова.

Осы орайда қалалық әкімдік арқылы Әмреновтар отбасының облыс орталығында үй кезегіне тұрғанына 12 жыл болғанын білдік. Бүгінде көп балалы ана статусы бойынша 580-інші, ал, мүгедек балалар есебі бойынша 2040-ыншы кезекте тұр. Ал, сол кезегі құрғырдың тасбақадай жылжитын түріне қарағанда жарымжан жандар мен қамкөңіл ананың жақын арада армандаған баспанасында қоныс тойын тойлайтын күн әлі алыста екені айтпаса да түсінікті.

Бірақ, өмір бойы бауыр еті – балаларының сауығып кетуін тілеп келген батыр ананың ендігі басты арманы – қаладан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы баспанаға қол жеткізу. Олай болса, ана тілегі қабыл болады деген үміттеміз…

Жіберіп алмаңыз:

Өгей ана туғаныңдай бола ма?

Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан компьютер жөндеп, отбасын асырайды

17 жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмаған көпбалалы ана жұрттан көмек сұрады

 

Талқылау