Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық бес банк телефон нөмірі арқылы ақша аударымдарын іске қосады


Фото: pixabay.com

2025 жылдың маусым айында Қазақстанда әртүрлі банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аударымдары іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сонымен қатар, жақын арада банктер арасында QR төлемдер жүйесі де енгізілмек. Бұл туралы 2025 жылғы 22 мамырда Ұлттық банкте өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі Бинұр Жәленов мәлімдеді.

Оның айтуынша, маусым айында бес банк – Халық банк, Freedom Bank, RBK, Altyn Bank және Home Credit клиенттеріне телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдар қолжетімді болады. Кейін бұл жүйеге басқа қазақстандық банктер де кезең-кезеңімен қосылады.

Сондай-ақ банк аралық QR төлем жүйесі де енгізілмек.

"QR төлемдер бойынша жұмысты Freedom Bank пен RBK банктері аяқтады. Екінші деңгейлі тағы төрт банктің тарапынан белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл функционал жылдың соңына дейін бірнеше банкте іске қосылады деп үміттенеміз", – деп атап өтті Жәленов.


Қазақстанда балалардың мобильді аударымдарын мемлекеттік кірістер комитеті бақылайды


Оған қоса Open API платформасындағы мобильді төлемдер жүйесіне қосылу жұмыстары да жүргізілуде.

"Қазір банктерді Open API платформасының мобильді төлемдерінің банк аралық жүйесіне кезең-кезеңімен қосу жүріп жатыр. Бұл жүйенің операторы болып табылатын Ұлттық төлем корпорациясы тоғыз банкпен келісімшартқа қол қойды. Олар Халық банк, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Банк RBK, Altyn Bank, Bereke Bank, ForteBank, Home Credit Bank және Нұрбанк", — деді Бинұр Жәленов.

Еске салсақ, осыған дейін қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәжілісте азаматтардың мобильді аударымдарын тексеру тәсілдеріне енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеген еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 18:58
Талқылау