Берік Уәли Олимпиада чемпионы Елдос Сметовқа 10 миллион теңгенің сертификатын табыстады
Фото: “Абай” облысының әкімдігі
Дзюдодан Семей облысында 10-13 қараша аралығында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Айтулы додада Олимпиада чемпионы Елдос Сметов құрметті қонақ ретінде қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталмыш іс шараның ашылу салтанатында Абай облысының әкімі Берік Уәли даңқты спортшыға құрмет көрсетіп, 10 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Сонымен қатар Елдос Сметов облыс басшылығы мен жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Бұған қоса ол ел біріншілігіне қатысып жатқан барлық дзюдошыларға сәттілік тіледі.
“Облыс басшылығына, спорт саласының өкілдеріне және чемпионатты жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан барлық адамдарға алғысымды білдіремін. Қатысушылар арасынан болашақ олимпиадалық чемпиондар өсетініне сенемін. Олар Қазақстанды әлемдік ареналарда танытып, туымызды көтереді. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!” – деді Олимпиада чемпионы.
Айта кетейік, Елдос Сметов 2024 жылы Париж Олимпиадасында топ жарғаннан бері әлі ешқандай ірі додаларға қатысқан жоқ. Спортшының айтуы бойынша иығына ота жасалғаннан кейін қалпына келіп жатыр. Біз Елдос Сметовты 2026 жылы татамиде қайта көруіміз әбден мүмкін.
Елдос Сметов ел тарихында дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы. 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола медаль еншілеген. Оның қоржынында Олимпиада ойындарының барлық жүлде қоры бар.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі

