Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бердах Бекетов: 50-60-қа келгенде Мұxтар Шаxановтың күйін кешіп қалам ба деп қорқам

Өзбекстанда туылып, атажұртына қайта оралған “Қалаулымның” экс-қатысушысы Бердах Бекетов өзін оралман санамайды. Қазақстанға келгенде кеудесінен итергендер мен алакөзбен қарайтындардың көп екенін, “оралмансың”, “өзбексің” деп айтса жүрегіне ауыр алатынын жоққа шығармайды. Оның пікірінше, жат жерде тұру атажұртына деген махаббатын арттырған. Назарларыңызға Бердах Бекетовтың “Қалаулымнан” кейінгі өмірі жайлы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатын ұсынамыз.

Бердах: 50-60 қа келгенде

Өзіңіз жайлы қысқаша

Мен Өзбекстан Республикасы Новоий облысы Үшқұдық қаласында туғанмын.Үйде үш қыз, екі баламыз. Үш қыздан соң сағындырып, көп күттіріп туған соң ба, бетімнен қақпай өсірді. Тентек те болдық. Атымды әкем Алла берген мұратым орындалды деп Бердімұрат-Бердах деп қойған. 2011 жылы 16 жасымда атажұртым-Қазақстанға келдік. Қаптаған орыстың мекені Қарағанды қаласында тұрып көп нәрсені үйрендік. Қазіргі таңда теміржол мамандығы бойынша ЖОО-да оқып жүрмін.

“Қалаулымға” қалай келдіңіз?

Бірінші маусымда үміткер болып бардым. Alem Bend тобына директорлық қызмет атқарып жүргенде, сол топ “Қалаулым” бағдарламасында өнер көрсетуі үшін бағдарлама редакторларымен сөйлескенде, олар маған үміткер болып келуге ұсыныс тастады. Біраз уақыт келіспегенммен үміткер болуға бел байладым. Бірақ қатысушы қыз “тым қазақилығым” үшін қабылдамады. Арадан біраз уақыт өткенде редакторлар қайта шақырды. Ол кезде екінші маусым басталғалы жатыр еді. Содан екінші маусымға қатысушы болып бардым.

Екінші маусымға қатысушы боп барғандағы мақсат?

Жібі түзу қыз кездессе, үйленемін деген мақсат болды. Анашым да үйде үйлен деп көп айттатын болды. Басында танымал болуды ойлаған жоқпын. Хайп жасауды да білген жоқпыз. Екі айда екі ғана үміткер келді. Негізінде үміткерлер көп болған, бірақ барлығы қайтарып жібере ма деп қорыққан. Шыны керек, бағдарламадан түйгенім: бұл жерде үйленбейді екенмін. Ақыры үйленбейтін болған соң, түрімді беріп осында отырмын, демек, мен де осы жерден бір нәрсе алып кетейін. Осыдан кейін атымды шығару деген мақсат болып кетті.

Ұлтым, қазағым деп айтасыз, қазаққа жаны ашитын азаматтың бірі сіз болсаңыз ол бағдарламаға неге бардыңыз?

Сол бағдарламаға бармағанда сөзімді тыңдайтын елімді де таба алмас едім. Сөзбен емес амалмен көрсеткім келді.

“Қалаулымда” сізді оралман, қазақи деп шеттету болғаны жасырын емес. Реніш бар ма?

Реніш мына кісіге бар деп айта алмаймын, бірақ іштей болды. Келмей жатып төр менікі дегенің қалай, оралмансың, қазақ үшін не іс тындырдың деп те айтқандары жаныма бататын. 16 жасқа дейін өзбек жерінде болып, есейгенде, қолымнан іс келетін кезде маңдайымнан аққан тер қазақ топырағына ақсын, пайдам қазаққа тисін деп өзімнің тарихи отаным-Қазақстанға оралғаным: отан алдындағы бір парызымды өтегенім деп білем. Оралман деп айта берсін. Ол жақта болғаныма өкінбеймін. Себебі, мен ол жақта тұрып, елдің, жердің қадірін түсіндім. Қазақ жерін де тұрып та руың білмейтін қазақтар бар.

 “Қалаулымнан” күтпеген жерден кетіп қалдыңыз. Бұл жасарымды жасап, асарымды асадым, енді керек емес дегенге сая ма? Аяқасты бағдарламадан кетуіңізге не себеп? Редакторлар тарапынан қысым болды ма?

Бәрінен шаршадым. Ешкім шығарып жіберген жоқ. Нақтырақ айтқанда, көтеріп келе жатқан халық өзі құлатты. Халық алдында құладым. Осыдан екі жыл бұрын жазылған жазбадан скрин жасап экранда көрсетілді. Бір қызға арналып жазылған жазбада “аяғыңа ғашықпын” деген сөз болған. “Қыздардың қысқа киіміне, жалаңаштануына қарсы Бердахтың өзі осылай жазған ба? Сөзі мен ісі бірдей емес деп халық мені көміп тастады. Бұл жобадан кететіннен екі күн бұрын болған іс. Ертесіне эфирге келгенде Жадыра есімді қатысушының орынсыз әңгімесінен ұсақталған еркектер туралы сөз болды. Сонда “сен ұсақталған еркексің” ,-деді маған. Сонда: “Ей, мұғалім,екі қызыл дипломы бар мұғалім, екі сөздің басын қоса алмайтын мұғалім, дүбәра мұғалім, сөйлемін аяқтай алмайтын мұғалім, сен маған ақыл айтайын дедің ба?! Кімнің кім екенін мен айтпай-ақ қояын”-, деп қысқа қайырдым. Ертесіне жобадан кеттім.

Осы бағдарламадан соң көптеген ток шоуларда, бағдарламада белсенді қатысып жүрсіз. Позицияңыз қандай? Өзіңізді жұрт алдында жарнамалау ма?

Позициям танымал болу емес, ісім мен сөзім бірдей болуға амал жасау. Кейде эфирден жоқ болып кеттім, бір көрінейін деген ойда болады. Ана сүті аузымыздан кеше кеткен баламыз, мені елемеуі мүмкін. Бірақ мендік тілек: артымыздан еріп келе жатқан інілерімізге үлгі болу. “Есірген есектер де жүр ғой” эфирде біз неге жүрмеске?! Қазақтың сөзін айтатын адамдар да эфирде жүрсін. Бір жақты пікірде болып, олар өздерін заманау қазақпыз деп айта беретін болса, жоқ болып кетеміз ғой. Құндылығымыз қалмай қорланып кетеміз ғой.

Қазақ қыздарын өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуына қарсысыз. Неге?

Ертеңгі күні жат жерге берген қыздан туған бала: “мен қазақтың жиенімін, жерімді бер”,- десе не дейміз?! Сол өзге ұлтқа кеткен қыздан ақын туса, ол қазаққа қарсы нәрсе айтса, журналист, жазушы туса, қазаққа қарсы зерттесе, материал жинап жарияласа не болмақ?! Жиендікке жер сұрап қытайға кеткен талай қазақтың қыздарынан туғандар келсе не дейміз?! Қазақтың қызы қазақпен ғана бақытты болады.

Ұлтқа деген жанашырлығыңызды жасандылық деп айтатындар бар. Ол кісілерге не айтасыз?

Кім қалай қабылдағысы келеді, солай қабылдайды. Өзінің тіршілігін ғана ойлап, қалғанына бәрібір дейтін кісілер маған тіл тигізбей-ақ қойсын. Қазақтың бүгінгі жағдайын, шындығын сол кісілер де айта алады, бірақ қорқады. Ол кісілердің алдында ақталмаймын. “Мен ұлтым үшін дүниеге келдім”-дейді Ринат ағам. Әрқайсымыз қара басымызды ойлап үйде жата берсек ұлтты кім ойлайды? Шындық деп шырылдағанмен, ол ешкімге жақпайды. Кейде қорқам, 50-60 жасқа келгенде Мұхтар Шахановтың күйін кешіп қалам ба деп. Қазақтың төл мерекесі наурызын қайтарып, тәуелсіздік алуға бірден бір ықпал еткен кісі. Сол кісі қазір қайда? Қазақтың Парламентінен садаға кетейін. Ринатқа орын жоқ, Мұхтарға орын жоқ, Тоқтарға орын жоқ не Парламент ол? Ол парламент емес ұйықтайтын орын! Іштері пысқанда қолайсыз заңдарды шығарып қояды. Еліне пайдасы тигендер шеттеп жүр, есірген есектер топта жүр. Кейде жоғарыдағы кісілерден де “звонок” болады. “Артық сөйлеп жүрсің, тыныш жүр, өзіңе зиян болады”,- деп қорқытады. Ол кісілерге ренішім жоқ. Алла разы болсын. Істейтіндеріңізді істеңіздер. Өлтіретін болса өлтірсін.

“Қалаулымда” жұп болдыңыз. Ол қыздың достары сізді оған тең көрмеді. Неге? Себебі заманауи қазақ пен қазақи қазақтың арасы ма?

Жұп болған жоқпын. Ұсыныс жасадым, бірақ қабыл алған жоқ. Өйткені, менікі хайп болды. Басы солай басталды. Үміткер келмеген соң, жақсысы қатысушы болып отырған бір қатысушы қызды ұстап алып, хайп істейін дедім. Басында ол қызға сезім болған жоқ, бірақ бір-екі кездескен соң, ұнату сезімі болды. Қатты ғашық болдым деп айта алмаймын. Бастысы мақсатқа жетуге керек болды. Сол кезде достарым да, бауырларым да дұрыс емес деп айтты, ешкімді тыңдаған жоқпын. Содан көп дау дамай болып, қыздың ата-анасы қарсы болған соң арыға созғым келген жоқ. Ара қатынасты тоқтаттым.

Тамада ретінде танып жатады. Бұл кәсіпті “Қалаулымға” дейін бастадыңыз ба әлде кейін ба? “Қалаулымнан” кейін гонорар өсті ма?

2012 жылы Қарағандыда той басқара бастадым. “Қалаулымнан” соң тойға шақырушылар көбейді. Жасырын емес гонорар өсті Алматы қаласында 200 мың, Ақтау жаққа 1000 доллар.

“Қалаулымнан” кейінгі түйгеніңіз?

Кейде "Қалаулымға" барғаныма өкінемін. Ұялатын да жағдайлар болады. Кейде “youtube” желісі күйіп кетсе екен деп ойлаймын. Ертең мен үйленген соң, қайын енем мен атам: "Қалаулымға" барған Бердах десе маған ұят. Болашақта баламның алдында “Әке, сіз мына бағдарламаға барғансыз ба, осында өмірлік жарыңызды іздегенсіз ба?”,- десе “иа” деп айтуға ұяламын. Бет қызаратын дүние. Мәңгі маңдайыңа жазылып қалатын таңба.

Хайп пен танымалдық үшін жалаңаштанатын қыздар көбейіп кетті. Осыған көзқарасыңыз.

Қазір инстаграмға қатты байланып қалдық қой. Сол арқылы ақша тауып, тегін дүниелердің пайдасын көргісі келеді. Сол нәрсені қалыптастырғысы келеді. Өздері білсін. Ашсын немесе ашпасында демеймін, тек қазақтың құндылығына тимесін дегім келеді. Құндылығын қор қылып отырған адамға шара да қолдана алмадық. Арыз жаздық, іс қозғалмайды. Инстаграмын жауып тастады, бір күннен соң қайта ашылды. Қыздардың бұндай бейшаралыққа баруы – ата-анасының қателігі. Сотқа да бердік. Үш юрист жұмылдырдық. Қолынан түк те келген жоқ. Себебі, ол бейшаралардың төбесінде адамы бар. Қазақтың әшекейін қорлап, намысын таптаған да ешкім сотқа жіберілсін деп шыққан жоқ. Оларға да қолдау беріп отырған біреулер бар.

Автор: Жанна Мәлік

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

STAN.KZ
Жұма, 15 Ақпан, 2019 21:07
Талқылау