Бензин биыл тағы қымбаттайды
Бензин биыл тағы қымбаттайды. Ресми мәлімет тарамаса да, сарапшылар осындай болжам жасап отыр. Өйткені сұйық отын бағасын өсіруге бірнеше себеп бар екен. Оның үстіне еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауыты қарыз ақшаға жаңартылып жатыр. Оның шығынын жабу қарапайым көлік жүргізушілерінің есебінен жүргізілуі бек мүмкін. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың нарығын бірыңғай ету үшін де баға әдейі өсірілуі ықтимал, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жанармай бағасының сәт сайын қымбаттауы қоғам үшін үйреншікті жайт болып кетті десек, артық айтқандық болмас. Жыл басталғалы бері екі ай ішінде баға екі рет көтерілді. Отандық сарапшылар жанармай бағасының осы қарқыннан таймайтынын айтып отыр. Өйткені көктемгі және күзгі егістік науқанын айтпағанның өзінде, бұған басқа да себептер бар.
«2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығы қалыптасуы тиіс. Соған сәйкес,жанармай мен басқа да тауарлар бағасы баршаға ортақ болуы керек. Біздегі жанармай құнының Ресей нарығының бағамына жақындап келе жатқаны содан», – дейді экономикалық сарапшы Сергей Смирнов.
Тағы бір себеп, мемлекет Атырау, Шымкент және Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарын қарыз ақшаға жаңалап жатыр. Ал оны пайыздық үстемемен қайтару керек. Ол да қарапайым көлік жүргізушілерінің есебінен жабылатын сияқты. Екіншіден, мемлекет бағаны көтермей бір межеде ұстап тұрса, кейін бұның кері әсері болуы мүмкін дейді сарапшылар.
«Ішкі нарықтағы төмен бағадағы жанармай сырттан келіп жатқан делдалдардың қолына кетіп, кейін ол Ресейде немесе біздің көршілес елдерде төмен бағамен сатылуы мүмкін. Жалпы, көршілес елдермен бәсекелес болуы үшін баға нарығы бір ортақ деңгейде болуы керек», – дейді экономикалық сарапшы Арсен Малбағаров.
Көрші ел нарығының кесірінен бензин бағасын көтеруге мәжбүр болып отырғанын жақында Энергетика министрі Бозымбаев та мойындаған болатын. Демек, Ресей нарығына тәуелді болғандықтан,жанармай қымбатшылығынан қашып құтылмайтынымыз сөзсіз. Тек қалтаны қатты жұқартпас үшін баға бірден шарықтамай, қымбаттату процесі баяу ғана жүргізілуі мүмкін.
Жіберіп алмаңыз:
Қазақстан тұрғынында бірнеше пәтердің құнына тең автомобиль бар
Елімізде азық-түлік бағасы тағы қымбаттады
Алматы облысында сатушы әйел қару кезенген тонаушының өзіне тап берді (видео)
70 жастағы Людмила әжей сирек кездесетін баталар жинағын шығарды (видео)