Белсенділер Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын өзгертуді талап етті
"Намыс" қозғалысының қатысушылары Алматыда кезекті акция өткізді. Оны барысында белсенділер Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын өзгертуді талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алдымен белсенділер Алматыдағы "Желтоқсан құрбандарына" арналған ескерткішке барып, гүл шоғын қойып, дұға бағыштады.
Кейін бір топ жас жігіт қазақ жері туралы қоғамда резонанс тудырған саясаткерлерді сынға алып, оларға тарихты оқуға кеңес берді.
"Ресей болсын, шекаралас елдер болсын, шекаралас елдер болсын, сол жердің барлығында қазақ аталарымыз жер басып өмір сүрген", - деді белсенділер.
Осы орайда қозғалыс қатысушылары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.
"Қашанғы осындай сайықмазақ, дарынсыз саясаткерлердің айтқандарына үндемей, бей-жай қарап отыра бересіздер. Сөзбен емес, қағазбен емес, іспен дәлелдейтін кез келді.
Қазақта Павлодар мен Петропавл деген қалалардың аты өмірде болмаған. Сондықтан орыс империясынан қалған осы атауларды қазақиландыруды, қазақ тілінің үстемдігін орнатуды талап етеміз. Қазақта Қызылжар және Ертіс деген қалалар болған. Сол қалалардың атауын қайта беруді талап етеміз", - деді олар.
Белсенділері талап орындалмаған жағдайда "Қызылжарға барып, орындалғанша митинг ұйымдастыратынын" мәлімдеді.