Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Белсенді Марғұлан Боранбай бостандыққа шықты

Фото: Марғұлан Боранбай x.com

Белсенді Марғұлан Боранбай босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи белсендінің босатылғанын мәлімдеді.

"Ел тәуелсіздігі мен қазақ елінің намысын қорғаймын деп төрт жыл жазасын өтеген Марғұлан Боранбай абақтыдан босап, ағасына қонаққа келді. Былтыр күзде Серікжан екеуміз колониядағы ержүрек Марғұланға барып "Саған бостандыққа шығуға көмектесейік" десек, ол: "Мен кешірім сұрайтын нәрсе істемедім, мерзімін толық өтеп шығамын” деді”, – деді Бәпи.



Мәжіліс депутаттары сепаратистердің мәлімдемесінен кейін Намазбаев пен Боранбайдың ісін қайта қарауды талап етті


Мәжілісменнің айтуынша, Боранбай "қазақ халқының намысын шовинистеhден қорғап жүріп, жалған айыппен темір торға қамалды".

"Егер біреу кенеттен "Қазақ ұлтының нағыз патриоты кім?" деп сұраса, ойланбай осы жігітті көрсетіңіздер! Осылай жауап бергеніңізге ешқашан өкінбейсіздер, Марғұлан көңілдеріңізді қалдырмайды. Аман бол, алтын бауырым!”, – деді депутат.

Еске салайық, 2022 жылдың наурыз айының ортасында Боранбай мен тағы бір белсенді Данат Намазбаев араздық тудыру және билікті басып алуға шақыру ісі бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Намазбаев пен Боранбаев бірнеше рет ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қарсы агрессивті шабуылдарына қарсы шығып, Ресеймен интеграциялық байланысты нығайтуға белсенді түрде қарсылық білдірді. Сондай-ақ олар Ресей әскерлерінің Украинадағы әрекетін сынады.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 20 Мамыр, 2025 16:21
Талқылау