Белгород билігі түнгі жарылыстардан үш адамның мерт болғанын мәлімдеді: Мәскеу мен Киев бір-бірін айыптады
3 шілдеге қараған түні БАҚ Белгородтағы жарылыстардың видеосын жариялады. Ал аспанда әуе шабуылына қарсы қорғаныстың жұмыс істегенін көруге болады. Аймақ губернаторы қаза тапқандар мен ғимараттардың қирағаны туралы мәлімдеген, алайда нақты не болғанын түсіндірмеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Белгород облысының басшысы Вячеслав Гладковтың сөзінше, қалада бірнеше ірі жарылыс болған. Кейін ол кем дегенде үш адамның мерт болып, тағы төрт адамның жарақат алғанын айтты. Олардың ішінде ауыр жағдайда жатқан ер адам мен 10 жастағы бала да бар.
Гладков 11 көпқабатты және 30-дан аса жеке үйдің жартылай, 5 жеке үйдің толығымен қирағанын қосып өтті.
Курск облысының губернаторы Роман Старовойт әуе шабуылына қарсы қорғаныстың Курсқа ұшып келе жатқан екі украиналық "Стриж" ұшқышсыз аппараттарын атып түсіргенін мәлімдеді. Нәтижесінде ешкім зардап шекпеген.
"Өкінішке орай Белгородтағы жағдай бөлек. Қарсылас шабуылынан бейбіт тұрғындар қаза тауып, жарақат алды, ал олардың үйлері қирады", – деп қосты ол.
Украина билігі Белгородта қираған көпқабатты үйлерде ресейлік "Панцирь С1" зениттік ракеталарының бөлшектері қыстырылып қалғанын алға тартты.
Одесса облыстық мемлекеттік әкімшілігі жанындағы қоғамдық кеңесінің төрағасының Сергей Братчуктың сөзінше, Украина қарулы күштерінде мұндай зымыран кешендері жоқ.
Ал ресейлік сенатор Андрей Клишас Белгородтағы жағдайды "ең қатаң жауапты қажет ететін Украина тарапынан төнген агрессия акті" деп бағалады. Украина билігі бұл айыптауға қатысты жауап берген жоқ.
Ресейдің Украинамен шектесетін аймақтарындағы секілді Белгородта да сәуірде террористік қауіптің "сары" деңгейі жарияланған. Соғыс басталған уақыттан бері бұл облыстардың басшылары атыс және жарылыс туралы бірнеше рет мәлімдеген. Ал Белгород облысында екі бейбіт тұрғынның өлімі туралы хабарланған.
11 мамырда атыс салдарынан Солохи ауылында бір адам мерт болып, жеті адам жарақат алды. Ал 27 мамырда Журавлевка ауылында әйелдің өлімі туралы айтылған.
Бірнеше апта бұрын Белгород облысының басшылығы Журавлевка және көрші Нехотеевка ауылдарының тұрғындарын эвакуациялау туралы мәлімдеген.
Украина президенті Владимир Зеленский украиналық сарбаздардың Ресей аумағында әрекет етіп жатқанын жоққа шығарған. Бұған қарамастан Украина ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік кеңесінде қажет жағдайда шекаралас Ресей аумағында әскери іс-қимыл жүруі мүмкін екені айтылған.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
