Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Белгісіз дертке шалдыққан ақтөбелік әйелдің жағдайы нашарлап бара жатыр

38 жастағы Ақтөбе тұрғыны Татьяна Чаусоваға бірнеше жылдан бері дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай жатыр. Әйел Қазақстанның барлық ауруханаларына, тіпті Ресейге де барған. Алайда, ауруының емін таба алмапты. Қызының жағдайы туралы анасы Валентина Рябчикова «Актобе Таймс» газетіне айтып берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

әйел
"Қызым 2016 жылы ауыра бастады. Басында басы ауырды. 2018 жылы дәрігерлер басының ауруын құлағына тиген суықтан болуы керек деп тұжырым жасаған еді. Дұрыс естімей бара жатқан соң квота арқылы Астана қаласында ота жасаттық. Алайда, басының ауырғаны сонда да басылмады. Мұрнында ісік бар болуы мүмкін деген, бірақ жоқ болып шықты. Сөйтіп толық тексерілу үшін Челябинск қаласына да бардық. Барлық дәрігерге қаралдық", - дейді анасы.

"Онкология бойынша 10 анализ тапсырдық, бірақ ісік ауруы расталмады. Өткен жылдан бастап бетінің терісі өзгеріске ұшырай бастады. Дәрігерлер мұрын үстінің жоғалып бара жатқанын айтты. Содан кейін-ақ сол жақ бет сүйегінің терісі құлағына дейінгі тұсы шіри бастады. Өткен жылдың қазан айында бізге Алматыда бет терісінің өлім грануломасы диагнозын қойды. Онкологиялық ауру расталмады. Бірақ неге екені белгісіз, бізге ісікке қарсы препараттар жазып берді. Және терапия алуға нұсқау жіберді. Туберкулез таяқшасы жоқ, сифилис, СПИД ауруы да жоқ. Қалай емдейтінімізді білмейміз. Аурырғанын басу үшін неше түрлі дәрілер қолданып жатырмыз", - дейді қызына ем таба алмаған әйел. 

"2019 жылдың сәуір айында Таняны Ақтөбе медициналық орталығына жатқызды. Онымен бірге онкологияға байланысты терапия да алдық. Дәрілерді біз өз ақшамызға сатып алдық. Бірақ бұл жерде қойған диагнозды басқа емханалар жоққа шығарды. Лор дәрігері жарақатты таңып, оның ішін тазалап отыру қажеттігін айтты. Сөйтіп мамыр айында ауруханадан шықтық. Сүйектегі іріңді медбикелер тазалаудан жүрексінген болатын. Одан кейін Оренбург қаласына кеттік. Бірақ онкологиялық дәрігерге кіре алмадық", - дейді анасы. 

Күн өткен сайын ақтөбелік келіншектің жағдайы нашарлап бара жатыр. 

«Астана, Алматы, Оренбург, Челябинск қалаларындағы дәрігерлер онкологиялық ауру жоқ деп отыр. Бұл мүлдем басқа ауру екенін айтуда. Бірақ онда не ауру болды? Не істейміз, қайда барамыз? Уақыт болса өтіп жатыр", - дейді көзіне жас алған әйел.

"Бұл ауруды біліп, ем алуымыз қажет. Ресейдегі дәрігерлер ем алып біткен соң пластикалық ота жасап береміз деп отыр. Таняның үш қызы өсіп келе жатыр. Үлкені медициналық колледжде оқиды, қазір жұмыс істеп те жүр. Кенжелері - 13 және 8 жаста. Мектепте оқиды. Қазір Таняның қайтадан басы ауыра бастады, көзі нашарлап барады. Ол сөйлей алмайды, сондықтан да қасында біреу жүру керек. Күйеубалам екеуміз несие алып, енді қарызданып отырмыз. Зейнетақым тек несие төлеумен кетіп жатыр. Ал жалақым қарызға кетуде. Қайта достарымыз және туыстарымыз көмектесіп жатыр. Өте қиын жағдайдамыз. Мүмкін ақтөбеліктер мұндай ауру туралы естіген шығар. Егер жақсы дәрігерлер болса, айтсаңыздар екен", - деп жалынды әйел.

Талқылау