Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең қымбат препарат қажет: Белгісіз азамат оралдық бүлдіршіннің еміне 200 мың доллар аударды 

Белгісіз азамат оралдық Фатима Асқар есімді бүлдіршіннің еміне 200 мың доллар аударды. Қыздың ата-анасы мейірімді жанның кім екенін білмейді, дегенмен оған алғысы шексіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фатиманың әкесі Қанат Құспановтың айтуынша, 14 желтоқсан күні олардың шотына 85 миллион (200 мың доллар) көлемінде ақша түскен. 

"Ол адамның кім екенін, қай қаладан екенін білмейміз. Бар білетініміз - ол кең жүректі, мейірімді жан иесі. Біз үшін ол сиқыршымен тең. Шын жүректен алғыс білдіргіміз келеді. Біздің қызымызды құтқаруға қосқан үлесіңіз үшін рахмет. Осындай қолдаудың арқасында біз міндетті түрде қажетті соманы жинап, балапанымызды құтқарамыз", – деді Қанат Құспанов. 

Фатиманың еміне құны бір миллиард теңге тұратын Zolgensma препараты керек. Бұл препарат әлемдегі ең қымбат дәрі ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген. 

Қиыны сол, препаратты 2 жасқа дейін ғана егуге болады. Ал 26 қараша күні Фатима 1 жасқа толды. Аз уақыт ішінде Фатиманың ата-анасы 845 миллион теңге жинап үлгеруі керек. Қазіргі уақытта бас-аяғы 155 миллион теңге жиналған. 


"Қалтамыз көтермейді": Алматылық тұрғындар дәрі-дәрмек бағасының қымбаттап бара жатқанын айтады


Жарты жылдан бері Фатима Асқардың ата-анасы оның еміне ақша жинаумен келеді. Дәрігерлер сәбиге арқа бұлшықеті атрофиясы диагнозын қойған. Құспановтар отбасына көмектескісі келетін жандар реквизиттерді мына сілтеме арқылы таба алады. 

Талқылау