Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзін жарнамалауға жұмсаған": Желіде блогер мал бордақылау үшін мемлекеттен 50 миллион теңгеге жуық ақша алды деп айыпталды

мемлекеттен ақша алғанФото: nnnurdaugoi Instagram парақшасынан алынды

Желіде қазақстандық блогер Нұрдәулет Бектұрсын мал бордақылауға 48 миллион теңге субсидия алып, оны имиджін қалыптастыруға жұмсады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Egov.press Telegram-арнасының мәліметінше, тұрғындар субсидия алған соң блогердің өзін де, бордақылаған малын да көрмеген.

“Журналист Гүлмира Әбіқай NNN лақап атымен танылған блогердің мал бордақылау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінен 48 миллион теңге субсидия алғанын хабарлады. Кентаулық дереккөздің айтуынша, содан кейін ешбірі малды да, ақшаны да көрмеген. Тұрғындар блогер бұл ақшаны өзін жарнамалауға жұмсады деп есептейді. Құқық қорғау органдары белгісіз себептермен ешқандай шара қолданбай отыр”, – деп жазылған желіде. 




Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан мән-жайды сұрап білді. Олардың мәліметінше, блогердің өзіне және отбасына мемлекеттен ешқандай қолдау көрсетілмеген. 

"Әлеуметтік желіде бұрын блогер Нұрдәулет Бектұрсын мал бордақылауға 48 миллион теңге субсидия алды деген ақпарат тарады. Дегенмен Бектұрсын Нұрдәулет Берікұлы мал шаруашылығы бойынша 2015-2025 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алмағанын хабарлаймыз. 2015-2025 жылдар аралығында мемлекеттік қолдауларды қарау барысында Бектұрсын Нұрдәулет Берікұлының Кентау қаласындағы туыстарына мемлекеттік қолдау көрсетілмеген", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Талдықорғандық блогер алаяқтың әрекетін әшкерелеймін деп айыппұл арқалағаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 17:20
Талқылау