Қазақстандық келіншек танымал банктің акционері боламын деп 500 мың теңгесінен айырылды
Шымкентте алаяқтар әйелге белгілі компанияның акционері болуды ұсынып, 500 мың теңгеге алдап соққан. Полиция ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған “дропперлермен” бірге әрекет еткен алаяқтарды қолға түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Қаскөйлер жәбірленушілердің біріне танымал банктің акционері болуды ұсынған. Әйел алаяқтың сөзіне сеніп, көрсетілген шотқа 500 мың теңге аударып жіберген.
Сондай-ақ күдіктілер Instagram-да қымбат телефонды өте төмен бағада сататынын айтып, хабарландыру жариялаған. Бұған сенген тағы бір жәбірленуші оларға 683 мың теңге аударған. Бірақ желі қолданушысы уәде етілген гаджетті сол күйі алмаған.
“ІІМ криминалистері заманауи цифрлық технологияларды қолданып, “дропперлерді” анықтап, негізгі күдіктіні қолға түсірді. Ұрланған қаражаттың барлығы зардап шеккендерге қайтарылды. Қылмыстық іс қозғалды”, – деп мәлімдеді ІІМ.
Полиция қазақстандықтарға сайттар мен ұйымдарды тексеріп алуға кеңес берді. Сондай-ақ кез келген әрекетті күдікті деп тапсаңыз құқық қорғау органдарына дереу хабар беруге және қырағылық пен сақтық танытуға шақырды.