Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Беларусьтағы ереуілдерді басудан бас тартқан полицей: Халыққа қарсы шыға алмадым

Беларусь азаматы, 36 жастағы полиция капитаны  Егор Емельянов мемлекетке бес мың беларусь рубльін (2000 АҚШ доллары) қайтарып беруге тиіс. Бұған себеп - оның елдегі тәртіпсіздікке көз жұма қарай алмай, мемлекетпен жасалған келісімшартты бұзуы. Экс-полицей тәртіп сақшысы бола тұра халыққа қарсы шығудан бас тартқан көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап. 

Беларусь

"17 жылдық қызметім аяқталды. Менің арым таза. Полиция халықпен бірге" деп жазба қалдырған Егор Емельянов тұтқындалып, екі күнге тергеу изоляторына қамалады. Ол елдегі бас көтеруге іріткі болды деп айыпталыпты. Алайда сот оның бұл жазбасында қылмыстық ой болмағандықтан босатады. 

"Менің өмірімнің бір кезеңі аяқталды. Осы жазбам қоғам арасында қызу пікірге түсіп, бұған өзім қызмет еткен басқару жүйесі ренжіп қалған сыңайлы. Мені "Инстаграм" арқылы тәртіпсіздік орнатты деп айыптап, түрмеге жапты. Өте түсініксіз жайт. Тіпті сот болып, судья сурет арқылы тәртіпсіздік арқылы жаппай наразылық іс-шарасын ұйымдастыру мүмкін емес деп босатып жіберді. Бұдан кейін тынышталып қалды. Алайда алдағы уақытта бірқатар қызметтік ұйымдардың әрекетінен секемденемін", - дейді Егор Емельянов. 

Сөзінше, ол қызметінен босап, үйіне келе жатқан уақытта ұсталған. Оны тұтқындаған полицейлер емес екен. Бұған қоса Егор Емельянов оған қарсы күш қолданылмағанын айтады. 

"Түрмеде мені батырлар секілді қарсы алды. Ешкім маған қарсы күш танытқан жоқ. Әрине, мұндай шешімді қабылдау мен үшін қиын болды. Өйткені екі кішкентай балаларым бар, үйіміз салуға несие алғанмын. Қарыз бастан асады. Енді мемлекетке 5000 беларусь рубльін қайтаруым қажет. Алайда мен халыққа қарсы шыға алмадым. Мемлекетте болып жатқан соңғы жағдайларды көріп, төзімім таусылғандай. Бұған қоса алаңда әріптестерімді қалай тастап кетемін деген ой болды. Сол себепті жұмыстан кетуге бел будым", - деп қосты экс-полицей. 

Бұған қоса ол отбасы үшін алаңдайтынын жеткізді. 

"Маған қарсы қастандық ұйымдастырылады ма деп қорқамын. Бірақ мұндайға бармайтын шығар деген үміттемін. Сонда да отбасым үшін алаңдаймын. Бәлкім, елден кетіп қалу керек шығар. Мұндай жазбаның арты осындай дауға алып баратынын кім білсін", - дейді ер азамат. 

Айта кетейік, Беларусьтегі президент сайлауының нәтижелеріне келіспеген тұрғындар жаппай наразылық білдіруде. Елдегі халық толқуы осымен бесінші күн қатарынан орын алуда. Осыған орай қазіргі таңда беларусь әскерилерінің арасында флешмоб пайда болыпты. Желіде таралып жатқан видеоларда сарбаздардың өз еріктерімен енді мемлекетке қызмет етпейміз деп, жаппай погон мен басқа да әскери киімдерін қоқысқа тастап жатқандары байқалады. 

 

 

Талқылау