Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мыңдаған жалған науқас пен қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілген: Ауқымды заңбұзушылықтардан кейін медициналық сақтандыру қоры қаржы министрлігінің қарамағына берілді

Фото: @KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржы министрлігінің қарамағына беруді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2025 жылдың 18 желтоқсанында премьер-министр қаржы министрлігіне бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыру мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметін талдау туралы тапсырма берген еді.

Талдау қорытындысы бойынша қаржы министрі Мәди Такиев бюджеттік шығыстардың өсуіне қарамастан, қордың тиімділігі артпай тұрғанын баяндады. Бұл ретте 2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық табыс 588 млрд теңгені құрады, оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 195,9 млрд теңге болған. 

“Талдау көрсеткендей, қаражаттың едәуір бөлігі қор активтерінде жинақталады және медициналық қызмет көрсетуге жұмсалмайды”, – делінген есепте. 

Талдау қосарланған қаржыландырудың кең таралған екі жағдайын анықтады. Біріншісінде – жекеменшік медициналық ұйымдардың жұмыс беруші тарапынан ерікті медициналық сақтандыру бойынша және МӘМС қорының қаражаты есебінен бір мезгілде төлем алуы болса, екінші жағдайда – бір науқастың бір мезетте екі медициналық ұйымның базасында қатар тіркелуі.

Сондай-ақ салық органдары медициналық ұйымдар басшыларына қатысты камералдық бақылау жүргізіп, олардың табыстары мен сатып алған мүліктеріне талдау жасады. Нәтижесінде 2024-2025 жылдар аралығында 1 465 басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік сатып алғаны, ал 912 адамның 1 416 автокөлік иеленгені анықталды. Жекелеген басшылардың әрқайсысы 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік объектісін және 14-тен 24-ке дейін автокөлік сатып алған.

Талдау барысында жалған пациенттерді тіркеу жағдайлары да анықталған. Қаржы министрінің айтуынша, Астанадағы жекеменшік клиника бір күнде 1 442 пациент қабылданған, дәл сол клиникада басқа дәрігер бір айда 4 832 науқас қабылдаған. Сондай-ақ 996 қайтыс болған пациентке медициналық қызмет көрсетудің 3 640 оқиғасы анықталған. 

Қорытындылай келе премьер-министр Олжас Бектенов қор қызметіне қатысты бірқатар тапсырма берді:

- Қаржы министрлігі барлық айтылған деректер бойынша материалдарды процестік шешімдер қабылдауы үшін құқық қорғау органдарына берсін;

- барлық қаржы ағындарын бақылау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілсін;

- Қаржы министрлігі жүйелерінің базасында денсаулық сақтау жүйесінің барлық бизнес-процестерін толық цифрландыру қамтамасыз етілсін;

- ӘМСҚ активтерін орналастыру және инвестициялық табыс алу жөніндегі инвестициялық стратегияның параметрлерін қайта қарау арқылы негізсіз қаржыландыру тоқтатылсын.

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 19:09