Бекболат Тілеухан: Бізде өнер элиталық және “тобырлық” болып екіге бөлінеді
Бұқаралық мәдениет өз бетінше дами береді, ал текті өнерге ерекше күтім мен қамқорлық керек, деп есептейді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Айтуынша, бүгінде текті өнер аз насихатталып, көгілдір экранды бұқаралық мәдениет жаулап алған, деп хабарлайды Sputnik.
“Өнерге қатысы бар адам болғанан кейін бір мәселені батылырақ айтсам. Кейбір адамың көңіліне келмесін, бірақ өнер екіге бөлінеді. Элиталық, яғни текті өнер және “массовый” дейді, тобырлық мәдениет деп тым ауырлау аударып жіберіпті. Элиталық өнерге ерекше күтім, ерекше қамқорлық керек. Ал бұқаралық мәдениет өз бетімен дами береді, қазақтың тойы аман, қазіргіше балқып-шалқыған күйде тұрған кезде оны ешқашан тоқтата алмайсыз”, — деді Тілеухан рухани жаңғыру бағдарламасы талқыланған үкімет сағатында.
“Күнделікті экрандағы насихатымыз қай өнерге бағытталып жатыр? Қай каналды қосып қалсаңыз, тек қана эстрада өнері. Элиталық өнер, адамның рухани деңгейін көтеретін, бізді әлемдік шыңға жетелейтін өнердің насихаты келісіп жатыр ма?! Енді оған өздеріңіз төрешісіздер, бірдеме дей алмаймын”, — деді депутат.
Оның айтуынша, қазір жаман мен жақсыны, асыл мен жасықты айыра алмай жатқан жағдайға жеттік, талғам төмендеп кетті.
“Қазір Біржан сал, Ақан сері, Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиізді білмейтін ұрпақ түкке тұрмайтын нәрселерді өнер деп қарауы, осыған жалпы үкімет тарапынан үйлестірудің болмауы үлкен сын. Жұмыстың ашықтығын, қоғамдық пікірді ескеру үшін, рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөнінде қоғамдық орган құрмай болмайды. Талғам төмендеп кетті. Үкімет қоғамды тәрбиелеуге міндетті. Жақсы нәрсені ұсыну керек, сонда жаман нәрсе өзінен өзі шығып кетеді. Мәдениет министрлігінің жанындағы көркемдік кеңестердің рөлін арттыру жөніндегі шаралар қабылдануы қажет”, — деді Бекболат Тілеухан.
Тағы да оқыңыз:
500 теңгедегі шағалаға қатысты жанжал: Фотограф сотқа жүгінбек
Бензин тапшылығы үшін жұмысынан қуылған Әсет Мағауов жаңа қызметке тағайындалды