Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бекболат Тілеухан Алматыда өткен феминистік марш туралы: Рухани құндылықтарымызға жасалған шабуыл

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан 8 наурызда Алматыда өткен феминистік маршты сынға алып, оның заң аясында өткендігін тексеруді талап етеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"2021 жылдың  3 наурызында Нұр-Сұлтан қаласының "Жанұя" орталығында бір топ әріптестерімізбен көп балалы, қарауында мүгедек балалары бар аналардың атынан келген белсенді азаматтармен кездесуге бардық. Ата-аналар тобы осыған дейін де үлкен мәселелер көтеріп, депутаттық корпуспен кездесуді талап еткен", - деді Тілеухан Мәжіліс отырысында. 

Одан бөлек, мәжіліс депутаты 8 наурызда Алматыда өткен феминистік митингті сынға алды. 

"Халықаралық әйелдер күнінде Алматы қаласында 5 феминистік ұйымның шеру ұйымдастырғаны белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жарыққа шыққан бейнелерді қарап отырмыз. Шеруге шыққандардың Алматы қаласы әкімдігіне берген өтінімде көрсетілген сұрақтардан басқа дүниетанымымызға, болмысымызға жат дүниелерді көтергені, тіпті Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйымдардың (Көше партиясы) лозунгтарын көтергендердің болғанын байқап отырмыз", - дейді ол. 

Оның айтуынша, Алматыда өткен митинг бір қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы секілді көрініс тапқанымен оның өзіндік астары бар. 

"Алайда шерудің күн тәртібі мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. Белсенділердің сөйлеген сөздері бүкіл әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр. Ол видеоларды біздің балаларымыз да көреді. Бұл баршамыздың рухани құндылықтарымызға жасалған шабуыл деп түсінеміз. Сол себепті де ұрпақтарымызды осы сынды ақпараттардан сақтау жолында әрекет етуіміз қажет", - деді халық қалаулысы. 

Сондай-ақ, депутат біржынысты некеден сақтайтын заң жобасын Парламенттің қарауына енгізуді ұсынды. 

"Алматыдағы шерудің заң талаптарына сай болған-болмағанын,
экстремистік топтардың еркін алаңға шығуына қала әкімдігі жол берген-бермегеніне сараптама жасауды. Сондай-ақ, балаларды зиянды ақпараттан қорғау бағытында жыныстық азшылық топтың азғындығы, біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын Парламентке енгізуді қарастыруды және жауабын ҚР Заңдарында көрсетілген тәртіппен жазбаша беруіңізді сұраймын", - деді Бекболат Тілеухан.

Айта кетейік, ол өзінің депутаттық сауалын Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдады. 


 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр