Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Beeline және Huawei қазақстандық компанияларға арналған бұлтты платформаны іске қосты

Hyper Cloud – Қазақстанның корпоративтік клиенттеріне арнайы әзірленген жаңа буын бұлтты платформасы. Ол бизнестің нақты қажеттіліктерін ескеріп, сенімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді әрі деректер қауіпсіздігіне қатысты жергілікті талаптарға жауап береді.

Платформа Beeline Қазақстан экожүйесіне кіретін "Hyper Cloud Solutions" ЖШС компаниясымен ұсынылып, Huawei компаниясымен стратегиялық серіктестік аясында жасалды.

Hyper Cloud Solutions деректер қауіпсіздігі, жедел ауқымдау және ел ішіндегі цифрлық ресурстарды бақылау мәселелері маңызды болып табылатын компаниялардың сұраныстарын шешуге басымдық береді. Жергілікті орналастыру мен арнайы жобаланған архитектураның арқасында деректер толығымен Қазақстан аумағында сақталады. Бұл әсіресе ақпаратты сақтау мен киберқауіпсіздікке жоғары талап қоятын бизнес үшін аса маңызды.

"Біз Hyper Cloud платформасын қазақстандық бизнеске түсінікті әрі сенімді құрал ретінде жасадық. Бүгінде компаниялар үшін толық бақылау, икемділік және деректер қауіпсіздігіне деген сенімділік, әсіресе сезімтал ақпаратпен жұмыс істегенде, өте маңызды. Біздің платформа осы талаптарға сай келеді әрі қолжетімді, оңай ауқымдалатын шешім болып қала береді", – деді Hyper Cloud Solutions компаниясының директоры Станислав Ким.

Hyper Cloud тек үйреншікті IaaS-шешімдерді ғана емес, сонымен қатар кеңейтілген сервистердің ауқымды спектрін біріктіреді. Олардың қатарында деректерді басқару құралдары, бұлтты контейнерлер, деректер базалары, резервтік көшіру жүйелері, киберқауіпсіздік шешімдері, сондай-ақ ML/AI және IoT-қа негізделген сервистер бар. Мұндай тәсіл компанияларға IT шығындарын оңтайландыруға және күрделі әрі қымбат енгізулерсіз бизнес-процестерді жеделдетуге мүмкіндік береді. Huawei технологиялық базасына сүйене отырып, Hyper Cloud жоғары деңгейдегі істен шықпау тұрақтылығын, икемді баптауды және күрделі архитектураларды қолдауды қамтамасыз етеді, – деп атап өтті компания өкілдері.

"Бүгінде Қазақстан өңірдің негізгі цифрлық орталықтарының біріне айналып келеді, ал Huawei үшін осы үдерістің бір бөлігі болу – үлкен мәртебе. Beeline компаниясымен бірлесіп біз Hyper Cloud-ты іске қосудамыз — ол қазақстандық компанияларға инновацияларды жедел енгізуге, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және нарықтағы позицияларын нығайтуға мүмкіндік беретін заманауи платформа", – деді Huawei Қазақстанның бас директоры Сун Ясюй.

Hyper Cloud цифрлық трансформацияға ұмтылған, жаңа өнімдерді тез іске қосуға және бизнес-процестердің тиімділігін ұзақ енгізу кезеңінсіз арттыруға бағытталған компаниялар үшін ерекше маңызды болады. Платформа шешімдерді нарыққа шығару уақытын айтарлықтай қысқартып, цифрлық ресурстарды басқаруды жеңілдетеді және ең бастысы – бизнестің тұрақты өсімі мен дамуына назар аударуға көмектеседі.

STAN.KZ
Сейсенбі, 23 Қыркүйек, 2025 12:56
Талқылау