Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халыққа обал": Бағалардың қымбаттауынан базардағы сатып алушылар да азайған

Теңгенің тоқтаусыз құнсыздануына және импорт тауарларының қымбаттауына байланысты елімізде күнделікті азық-түлік бағасы аспандап кеткені жасырын емес. Stan.kz тілшісі Алматыдағы атақты Көк базарға барып, бағалардың өсімі мен сатып алушылар деңгейін анықтап қайтты. 

базардағы бағалар

Алматыдағы халық ең көп баратын «Көк базарға» барып, күнделікті азық-түлік бағасының өсімін сатушылардан біліп қайттық. Базардағы сатушылар қазір азық-түліктің қымбаттағанын, халыққа обал екенін айтады. 

Базар ішінде пияз бен картоп бағалары 250 теңгеден басталады. Ал сәбіздің келісі 400 теңгеге дейін барады. Орамжапырақтың бағасы 180-200 теңгеге дейін өскен. Неге мұнша қымбат деп сұрағанымызда, бұлар арнайы сүзгіден өтіп іріктелген, ең таңдаулылары дейді.

Ал базар сыртында орналасқан қатарда картоп бен пияздың киллограмы 120-150 теңге болса, сәбіз 200 теңге. 
Сатушылардың айтуынша, 1 ай бұрын басқа баға болған. Жазғы маусымның аяқталуына орай осындай бағаға өскенін, алдағы уақытта, күзгі маусымда қайта арзандайтынын ескертті. 

базардағы бағалар

Бұдан бөлек азық-түлік бағасы жылдағыдан өскенін жасырмайды. Мұның себебі жауын-шашынның көп болып, картоптың шірігенінде деп болжайды сатушылар. 

Базардағы дүкендердің біріне кіріп, азық-түлік бағасын сұрағанымызда,  «Маслозавод» маркалы сүйық май 500 тг, шекердің  3 келісі 1000 тг, макоронның бағасы келісі үшін 200 тг, лазер күрішінің бағасы 840 тг, асбұршақ 240 тг-ні құрайды.  

Ал ет бағасына келетін болсақ, мұнда тіпті бағалар аспандап тұр. Базардағы сиыр етінің бағасы 2000-2500 аралығын қамтиды. Сан еті 2500 теңгеден жоғары. Сиыр етінің ең қымбаты кейбір сатушыларда 3000 мыңға дейін барады. Қой еті - 1500-1800 аралығы. Тауық еті 1000 теңгеден басталып, ең қымбаты 2300 теңгені құрайды.

Жылқы етінің бағасы тіпті удай. Қазы-қарта, жал-жаяның бағасы ең қымбаты келісі 3800 теңге. Ең арзан баға 3300 теңге. Ет сөрелерінің көбі бос тұр. Неге деп сұрасақ ет жоқ болса не сатамыз деп қысқа қайырды. 

базардағы бағалар

Ет сатуға келгенмен саудасы жүрмей кетіп қалады. Өйткені осы жерде отырғаның үшін ақша төлейсің, тоңазытқыш, жүк тасушы, түскі асымен шығын көп шығып кетеді. Ет қанша қымбаттаса да, ет дегенде бет бар ма дейтін қазақ азаймаған сияқты. Сатушылар той-томалағы көп халық болған соң ет алудан шаршамайтынын айтады.

Доллар бағамының өсуі тек шет елден келетін тауарлар үшін ғана әсер етеді. Ет бағасының өсуі оған байланысты емес. Мүмкін соятын мал азайып кетті. Неге байланысты қымбаттап жатқанын ұқпадық, бірақ қымбаттап жатыр. Тек бұл базарда ғана емес, барлық базарда баға осындай. 

Кейбір сатушылардың сөзіне сенсек, бағаның өсуі еттің импортталуына байланысты. Өзбекстан, Пәкістан, Түркменстанға тасымалдануынан бізге қымбат сатып отыр дейді. 

Базарда ет сатып отырғанына 20 жыл болған Мира тәте еттің қымбаттауы мен азаюын төрт түліктің азаюымен байланыстырады. 

«Өзіңіз ойлап қараңызшы кешке дейін күніге базарға қанша тонна ет кетеді. Мүмкін соятын мал да азайып жатқан шығар. Барлық ет шетке кетіп жатыр деген жұрттың дақпырты болуы да мүмкін», - деді ол. 

Сатып отырған етті өз малынан алып отырған соң кейде сатып алушыларға өз бағасынан арзандатып бере аламын дейді. Ал басқа сатушылар ортадағы делдалдан алатын болған соң түсіріп бере алмайды. 

Балықтардың бағасы да жылқыдан кем емес, ең арзаны 1500 теңгеден басталып, 6000-7000 теңге дейін түріне қарай кете береді. Атыраудың балығы-4500 теңге болса, Қапшағайдың балығы-2500 теңге. Кей балықтың бағасы 17 000 мыңға дейін барады. 

Еттің бағамы долларға байланысты емес, сатып отырған адамға байланысты дейді саудагерлер. 

Дайындаған: Жанна Мәлік

 

 

 

Талқылау