Базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін 16,5 пайыз деңгейінде сақталуы мүмкін – Ұлттық банк төрағасы
Фото: nationalbank.kz
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме 2025 жылдың соңына дейін 16,5 пайыз деңгейінде сақталуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Базалық мөлшерлемені ұстап тұру туралы шешім 11 шілдеде Ақша-несие саясаты комитетінің отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Бұл мөлшерлеме 16,5 мәніне 2025 жылдың наурызында жетті. Ол сәуір және маусым айларындағы кездесулерден кейін де сақталды.
Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстанда ішкі сұраныс тұрақты күйде сақталып отыр. Сонымен қатар фискалдық ынталандыру, тұтынушылық несиелендіру және инфляциялық болжамнан жоғары көрсеткіш байқалады.
"Инфляцияға тарифтік және бағалық реформалармен қатар салық-бюджет саясатының өзгерістері де қысым түсіріп отыр. Бұл жағдай ақша-несие саясатының қатаң деңгейін ұзақ уақыт сақтауды талап етеді", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме биыл жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалуы ықтимал.
2025 жылы 1 шілдедегі жағдай бойынша елдегі жылдық инфляция 11,8% (мамырда – 11,3%). Жыл басымен салыстырғанда бағаның жылдық өсімі 2,4 пайыздық тармаққа жеделдеген (қаңтарда – 8,9%). Айлық инфляция маусымда 0,8% болды (мамырда – 0,9%).
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырғаны туралы жазған едік.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
