Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәйтерек" мемлекеттік холдингінің басшысы ауысты

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов ұжымға "Бәйтерек" ұлттық холдингі басқарманың жаңа төрағасы Қанат Шарлапаевты таныстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы "Бәйтерек" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Айдар Арифхановқа холдингті басқарғаны үшін алғыс айтты.

Холдингтің жаңа басшысы Қанат Шарлапаевты таныстырған премьер-министр оның әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі – Citi құрылымдарындағы басқарушылық тәжірибесінің мол екенін атап өтті.

"Бәйтеректің” алдында күрделі міндеттер тұр. Ең алдымен қаржыландырудың қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру, экономиканың шикізаттық емес секторларын, агроөнеркәсіптік кешен мен кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Мемлекет басшысы бұл салаға үлкен көңіл бөлуде. Холдинг осы бағыттар бойынша тиімді жұмыс істейді деген сенім білдіреміз", – деді Ә. Смайылов.

Қанат Шарлапаев 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген. Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін, Крэнфилд басқару мектебін бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы банк саласында бастаған. 2006-2008 жылдары Citi инвестициялық банкінің облыстық кеңсесінің қаржы бөлімінде, жобаларды басқару бөлімінде, операциялық-технологиялық бөлімінде, сату бөлімінде жұмыс істеді.

2008-2014 жылдары Citi Investment Bank аға талдаушы, вице-президенттің көмекшісі, қор нарығы операциялары бойынша аймақтық бөлімшесінің вице-президенті болды.

2014-2015 жылдары – Citi Investment Bank Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша Аймақтық стратегиялық жоспарлау және талдау тобының вице-президенті. 2015-2017 ж.ж. –  Citibank Kazakhstan бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті.

2017-2020 жылдары – Ресей, Украина және Қазақстан бойынша қаржы директоры, Ресей Ситибанкінің аға вице-президенті.

2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Citi Investment Bank (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамып келе жатқан нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі аймақтық директоры болды.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 02 Ақпан, 2022 20:59
Талқылау