Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байқоңырдағы "Бәйтерек" кешенін сақтандыруға 510 миллион теңге жұмсалмақ

Фото: "Бәйтерек" ғарыш-зымыран кешені

Байқоңырдағы "Бәйтерек" кешенінің жерүсті инфрақұрылымын сақтандыруға бюджеттен 510 млн теңге жұмсалуы мүмкін. Мемлекеттік үлесі бар бірлескен кәсіпорын "Союз-5" зымыранының сынақ ұшырылымы алдында қомақты қаржыға сақтандыру қызметін сатып алмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының басшысы Айдын Аимбетов Байқоңыр ғарыш айлағындағы "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті инфрақұрылымы объектілерін сақтандыруға бюджеттен 510 миллион теңге жұмсауды жоспарлап отыр.

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған мәліметке сәйкес, конкурс "Союз-5" зымыранын ұшыру алдындағы дайындық және ұшыру кезеңінде кешен объектілерінің зақымдану немесе жойылу тәуекелдерін сақтандыру қызметіне қатысты. Сатып алу құны 510 000 000 теңге. Қазір өтінімдер қабылдау кезеңі жүріп жатыр.

Фото: goszakup.gov.kz

Айта кетейік, 2004 жылғы 9 қаңтарда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин "Байқоңыр" кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы мемлекетаралық келісімге қол қойды. Аталған келісімге сәйкес, Ресейдің "Байқоңыр" кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Құжатта сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағында экологиялық қауіпсіздігі жоғары "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін бірлесіп әзірлеу және құру міндеті қарастырылды.

Осы келісімді іске асыру аясында 2004 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан мен Ресей үкіметтері Байқоңырда "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Бұл құжатта кешенді жерүсті ғарыш инфрақұрылымы негізінде құру және бірлесіп пайдалану бойынша тараптардың ынтымақтастық қағидаттары мен шарттары айқындалды.

"Бәйтерек" кешені коммерциялық ғарыш жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің ұлттық ғарыш бағдарламаларын орындауға арналған.

Кешенді құру және кейін пайдалану мақсатында 2005 жылы "Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны “Бәйтерек”" акционерлік қоғамы құрылды. Компания Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 наурыздағы №207 қаулысына сәйкес, жарғылық капиталында мемлекеттің 50 пайыздық үлесі бар бірлескен кәсіпорын ретінде құрылған.

Қазақстан тарапынан құрылтайшы қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, ал Ресей тарапынан М.В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы болып тіркелген. 


Қазақстанда метеорологиялық зымыранды ұшыру кейінге қалдырылды

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда "Союз-5" зымыран-тасығыштары сынақтан өткізілетінін жазған едік. Ұшу сынақтарының басталу мерзімі 2023 жылдан 2025 жылға шегеріліп, алғашқы ұшыру 2025 жылғы желтоқсанға көзделген. Жобаның жалпы құны 90,8 млрд теңгені құрайды және ол Байқоңыр инфрақұрылымын сақтап, Қазақстанның коммерциялық ғарыш мүмкіндігін дамытуға бағытталған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 11:04