Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Байғұстар, сәресін ұйықтамай бердім деп қиналып жатыр": Қазақстандықтар ораза кезінде келіндерге салмақ салатын ата-енелерді сынады

Әлеуметтік желілерде келіндердің бөлек отырып, оразадан соң асығыс ауыз ашып, тамақтанып отырғаны көрінетін видео қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары келіншектерді “бір әулетке қызмет етіп отырған құлдарға” теңеп, күйеуінің отбасына сөзсіз бағынуды талап ететін дәстүрлерді сынға алды. Қазақстандықтар кейбір келіндердің тіпті тынығып үлгермей, сәресіне дайындалуға мәжбүр болатынын айтып, алаңдаушылық білдірді. Ата-енелер келіндерге қатысты талаптарын жеңілдетуі керек пе? Бұл туралы шариғат не дейді? Осы сұрақтар аудиторияны толғандырған сияқты. Stan.kz тілшісі исламтанушыдан сұрап көрді. 

Фото: Видеодан скрин

"Бір әулетке қызмет етіп отырған құлдар сияқты"

Гүлзат Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Большевик ауылында тұрады. Ауылда 1400-ден астам адам өмір сүреді. Жыл сайын Рамазан айында ағайын-туыс жиналып, мешітке ауызашар береді. Биылғы ауызашарға дайындық барысын Гүлзат видеоға түсіріп алған. Алайда жүктелген видеода тек келіндердің көже ішіп отырған сәті ғана көрінгендіктен кейбір адамдар бұл жағдайды дұрыс түсінбей, сын пікірлер қалдырған.

"Ауызашарға дайындалу процесінің бәрін түсіріп алған едім. Дегенмен ауызашарда келіндердің көже ішіп отырған сәтін түсіріп, бірден жүктедім. Көпшілігі сыни пікірлер жазып жатыр. Негізі сол кезде "келіндерге" бөлек дастархан жайып қойғанбыз. Алайда қонақтың көптігінен сыймай қалдық. Сөйтіп асүйде бөлек, тұрып ішуге тура келді. Ешқандай мәжбүрлік немесе "құлдық" емес – тек ыстық көжеден ішіп, тезірек аузымызды ашып алайық деген ой болды. Барлығы шын ниетпен ұйымдастырылған. Шын ниеттен жасалған соң, қарсы пікір білдіріп жатқандарға еш уәжіміз жоқ", – деп түсіндірді Гүлзат.

Гүлзат бұл әулетке келін болып түскеніне 23 жыл болғанын айтты. Видеодағы келіншектер – оның немере келіндері. Әулет келіндері әрқашан бірігіп, ауызашар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырыпты.

Фото: Гүлзаттың жеке архивінен

Дегенмен желі қолданушылары келіндердің көпшілікпен емес, жерде отырып ауыз ашқанына наразы болды. 

"Көптеген әйел, әуел бастан-ақ, отбасы мүшелерінің көңілінен шығуға тырысып, өздеріне тым көп жауапкершілік алады. Бұл оларды отбасында "қызметші" рөлінде қабылдауға әкеледі", "Үйленсем бұлай отырғызып қоймаймын. Қай жерде болса да, керек адам өзі істеп алады. Керек болса, қасыма отырғызып қоямын. Қонаққа барған әйелдеріңді сол жерге жұмыс істесін деп алып, өздерің демалып отырасындар ма?", "Былай қарасаң бұл кісілер де ораза тұтқан. Бәрімен бірге отырып ауыз ашса, бірдеңе болып қала ма? Бөлек дастарқан жасап қоюға болмай ма?", "Қай жерде болсын, таза еңбек келіндердікі. Сөйте тұра келіндер жаман дейді. Келіндерсіз іс бітпейді, жасасын келіндер", "Бір әулетке қызмет етіп отырған құлдар сияқты", – деп жазды видеоға қатысты желі қолданушысының бірі.

“Байғұстар сәресін ұйықтамай бердім деп қиналып жатыр!”

Тағы бір Шапағат Бәйдібекова есімді әйел ораза ұстап жатқан жандарға ізгі тілегін білдіріп, олардың ниеттерінің қабыл болуын тілейді. Алайда әйел келіндерге ораза кезінде артық міндет жүктеудің орынсыз екенін атап өтеді.

"Айналайындар, оразаны тұтып жатқан екенсіздер, қабыл болсын! Дегенмен мұны келінге міндет қылмаңыздар! Әлеуметтік желіде келіндер жылап жазып отыр ғой... Байғұстар сәресін ұйықтамай бердім деп қиналып жатыр! Ораза деген ол қуаныштың, пәктік пен мейірім айы емес пе? Неге салмақ саласыздар?" – деді Шапағат Бәйдібекова.

“Отбасы мүшелері өз жағдайын өздері жасасын”

Исламтанушы Қанат Байбосынұлы кейбіреуінің оразаны өзгелерге міндетсініп, өзін басқалардан жоғары қоюға тырысатынын сынға алады. Исламда құлшылық – әркімнің жеке мәселесі. Оразаны біреу үшін ұстау немесе өзгеге міндеттеу дұрыс емес дейді исламтанушы.

"Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.с) "Кейбір ораза тұтушылар бар, олар шөл мен аштықтан басқа ештеңе таппайды" деп ескерткен. Сол себепті ораза ұстаған адамның оны өзгелерге міндет қылуы орынсыз. Дәстүрдің түп-тамыры діннен бастау алады. Қазақ халқы үлкенді сыйлауды, құрметтеуді ұлттық тәрбиенің өзегі ретінде қабылдаған. Бірақ сыйластық пен ізеттілік адамның өз еркімен жасалуға тиіс. Ешкімді құрмет көрсетуге күштеп мәжбүрлеу – зорлық-зомбылықтың белгісі. Құранда да "Дінде зорлық жоқ" деп айтқан", – деді исламтанушы.

Дегенмен Қанат Байбосынұлының пікірінше, келін ораза ұстамаған жағдайда да ертерек тұрып, сәресін дайындап берсе, оған да сауап ала алады. 

"Әрине, үйдегі үлкендер таң сәріде тұрғанда келіннің аяқ созып ұйықтап жатуы діни әдепке де, дәстүрлі тәрбиеге де жат. Оның үстіне күнделікті ата-енесінің ас-суын дайындап беріп жүрген келіннің бұлай ерте тұруын әділетсіздік не зұлымдық емес күнделікті орындап жүрген келіндік міндетінің уақыты ауысқан бір көрінісі деп айтуға болады. Яғни оразадан тысқары таңертең, түсте, кешке ас-суын дайындап беріп жүрген ата-енесіне енді екі мезгіл ғана сәресі мен ауызашарда ғана ас-су дайындайды. Мұнда тұрған ешнәрсе жоқ. Керісінше, бұл үйдегі береке-бірлікті, тұрақтылық пен түсіністікті, сыйластық пен сыпайылықты арттырып, шаңыраққа шаттық ұялауына себеп болары сөзсіз", – деді исламтанушы.

Исламтанушы келін жүкті болып қиналса, не денсаулығына байланысты ертерек оянып, сәресін дайындауға шамасы келмесе, ораза ұстаған отбасы мүшелері өз жағдайын өздері жасасын дейді. 

"Мұнда ешкімнің басы жерге тиіп қалмайды. Әйтпесе, сәресінде ішетін ас-суын ауызашардан кейін, жатардан бұрын дайындап қойсын. Аллаға шүкір, қазір барлық үйде оған жететін жағдай бар. Мұндай жағдайда бәрі өзара түсіністік шеңберінде шешілуі керек. Оған басқа жақтан жауап іздеп, біреуден төрелік күту міндет емес. Меніңше, келінін ренжітетін, құлдай жұмсайтын кісілер ораза ұстамайды. Ал ораза ұстайтындар мұндай жағымсыз әрекеттерге бармайды. Келіндік жауапкершілікке қатысты барлық сауалды дәстүрлі құндылықтар негізінде шешу керек. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біз біреуге бір нәрсені міндеттеп, не міндеттемейтін құзырлы мекеме не шариғи сот емеспіз. Сондықтан мұндай жағдайлардың бәрін әркім кіші мемлекет – отбасы деңгейінде өзара сыйластық негізінде, дәстүр мен әдет-ғұрыпқа сүйеніп шешуі керек", – деп сөзін түйіндеді Қанат Байбосынұлы.
Талқылау