Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байден ДАИШ басшысы өлгенін хабарлады

АҚШ президенті Джо Байден арнайы мақсаттағы америкалық күштер ДАИШ террористік ұйымының ("Ислам мемлекеті" – Қазақстанда тыйым салынған) басшысы Әбу Ибрагим әл-Хашими Әл-Құрайштың көзін жойғанын хабарлады. Бұл туралы CNN мәлімдеді.

БАҚ-тың хабарлауынша, операция Сирияның солтүстік-батысында өтті. Мәліметтерге сүйенсек, әл-Құрайш жарылыс салдарынан қайтыс болған.

Пентагонның өкілі Джон Кирби бұл миссияны Таяу Шығыстағы әскери операциялар мен әрекеттерді бақылайтын АҚШ Орталық қолбасшылығы жүзеге асырғанын айтты.

Операция барысында бірнеше адам қаза тапқаны туралы хабарланды. Пентагонның айтуынша, американдық әскерилердің арасында құрбан болған жоқ.

"Бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандардың болу себебі ғимараттың ішіндегі ер адам жарылғыш заттарды жарып, бірнеше әйелдер мен балаларды өлтірген", – деп жазады Washington Post.

Бұл АҚШ-тың Сириядағы 2019 жылғы операциядан кейінгі ең үлкен операция болды, оның барысында "Ирак және Левант Ислам мемлекеті" (ИГИЛ) жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади өлді.

STAN.KZ
Жұма, 04 Ақпан, 2022 08:59
Талқылау