Байден Америка азаматтарын Украинадан жылдам кетуге шақырды
АҚШ президенті Джо Байден Америка азаматтарын Украинадан жылдам кетуге шақырды. Ол бұл елдегі жағдай "аяқ асты өзгеріп кетуі мүмкін" екенін жеткізген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Байден бұл туралы NBC News телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Сұхбат барысында ол "Америка азаматтары дәл қазір кетуі тиіс" - деген.
"Әлемдегі ең ірі армиялардың бірімен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл мүлдем бөлек жағдай және барлығы аяқ асты өзгеріп кетуі мүмкін", - деген АҚШ президенті.
Ол сонымен бірге Ресей тіпті Украинаға басып кірсе де, америкалықтарды құтқару үшін әскер жібермейтінін атап өтті.
- "Саяси ойын": Ресейдің Украина жеріне басып кіруі мүмкін бе және бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?
- Байден Мәскеу Украинаға басып кірсе, АҚШ қалай әрекет ететінін айтты
"Онда бұл дүниежүзілік соғысқа айналар еді. Америкалықтар мен орыстар бір-біріне оқ ата бастаса, мүлде басқа әлемге тап боламыз, - деп қосты Байден.
Осы аптада АҚШ мемлекеттік департаменті Украинаны "қызыл тізімге" енгізіп, азаматтарына ол жаққа бармауға кеңес берген. Ведомство "Ресейден әскери қауіп артқан шақта" Украинадағы барлық азаматтарын елден шұғыл кетуге кеңес берді.