Есентаева инста-конкурстың жеңімпазын анықтады
Танымал қазақстандық продюсер Баян Есентаева өзінің Инстаграмдағы парақшасында жарияланған конкурстың жеңімпазын анықтады. Есентаева ұйымдастырған сайыста қос бірдей үміткер жеңіске жетіпті.
Сурет ztb.kz сайтынан алынды
Кішкентай баланың моңғол тіліндегі тақпағын айна-қатесіз қайталай алған 21 жастағы студент Бекжан Сауырбаев (видео) пен Арсен Тахан (видео) есімді бала продюсер ұсынған жүлдені қанжығаларына байламақ.
“Мен өз дауысымды оң жақта тұрған балаға берер едім. Бірақ, әрине күштері тең емес. Кішкентай бала өзінің жасына лайықты өте жақсы айтып шыққан. Сайыстың қиындығын ескере отырып, мен жеңісті екі бірдей адамға беруді ұйғардым. Құттықтаймын!, – деп жазды продюсер. Ол сондай-ақ, барша қатысушыларға да алғысын білдірді.
Еске сала кетсек, Баян Есентаева өзінің Инстаграмдағы парақшасында конкурс ұйымдастырып, жеңімпазға 1000 доллар ақшалай сыйақы беруге уәде еткен болатын. Сайыс шарты бойынша, кез-келген қатысушы моңғол баласының өлеңін дәл сол дауыс ырғағымен қайталап шығуы тиіс болатын.