Баян Есентаева: “Байқау ерекше танымал болады деп күтпедім”
Продюсер Есентаева осыдан алты жыл бұрын ұйымдастырған байқаудың ерекше танымалдылыққа ие болатынын күтпегенін жеткізді.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Баян Есентаева қойған талаптардың әр тармағына сәйкес келіп мыңнан тұлпар шыққан қазақ аруының болашағы жарқын болатынына талай көз жеткіздік. Бірінің бағын кинода жағып, екіншісін сахнаға шығарса, үшіншісіне телевизиядан өзіндік жол қалыптастырып берді. Осылайша еліміздің ең сұлу аруларының бағын жаққан байқау жыл сайын танымалдылыққа ие болып, қатысқысы келетін арулардың саны артып жатыр. Бастапқыда продюсердің өзі де мұндай танымалдылықты күтпегенін ашып айтты.
“Күздің жаңбырлы күні болатын. Балконда құрбым Гүлнұр екеуіміз тұрып 20 жыл бұрынғы “Қыз сыны” байқауын еске алдық. Мен “Мұндай байқау қазір неге жоқ?” деп сұрадым. Бірнеше айдан кейін біздің компания алғаш рет “Қазақ аруы-2010” жобасын көпшілікке таныстырды. Ол уақытта біздің кішкентай ғана компаниямыз аталған байқаудың бірнеше жылдан кейін-ақ асқан танымалдылыққа ие болып, оған жүздеген, мыңдаған қыз қатысуға асығады деп армандамаған да еді. “Қазақ аруы” – жәй ғана байқау емес, бұл ақылды, білімді, тәрбиелі, өзінің тілі мен салт-дәстүрін құрмет тұтатын заманауи қыздың келбеті”, – деп байқаудың ерекше танымалдылыққа ие болатынын күтпегенін жеткізді.
Ары қарай “Иә, бұл жәй ғана сұлу болу емес, сұлу болу мұнда жеткіліксіз! Әлмира, мен сені жеңісіңмен құттықтаймын, басыңдағы тәжіңді абыроймен ки!”, – деп “Қазақ аруы-2016” байқауын ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Естеріңізде болса Баян Есентаеваның ешқашан орамал байлап, тұмшаланбайтынын айтқаны туралы жазған болатынбыз.