Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем шақырған азаматтар үшін ештеңе өзгермейтінін мәлімдеді
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі желідегі жедел жәрдем шұғыл емес шақыртуларға бармайды деген ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, бұйрық жоба БАҚ-та қате көрсетілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Министрлік жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасының мазмұны қате түсіндірілді деп санайды.
“Бұрынғыдай 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы барлық пациент шақырту санатына қарамастан, толық көлемде медициналық көмек алады. Тек жеделдікті жақсарту үшін жұмыс уақытында шұғылдықтың IV санатындағыларға медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобилдік бригадалары тартылады”, – деді ДСМ өкілі Айгерім Оразалиева.
Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы шақыртуға жедел көмек бригадалары қызмет көрсетеді. Мәлімдеулерінше, азаматтар үшін ештеңе өзгермейді, бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды. Бұл пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасын одан әрі жақсартады деп санайды.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем ережелеріне түзетулер жобасын дайындағаны туралы жазған едік. Мұнда енді Қазақстанда шұғыл көмек қажет болса да, кешке немесе түн ортасында шақырған науқастарға жедел жәрдемнің бармайтыны көрсетілген. Осыдан соң денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдемнің шұғыл емес шақыртуларға не себепті бармайтынын түсіндірді.