Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бауыржан Сатов: Мұғалім мектепке ақша жинады, анам сол ақшаны тауып бере алмағанда қатты қиналдым

Бауыржан Сатов бала күні мен көрген қиындықтары, бала арманы мен өкініштері туралы баяндады. Актер одан бөлек Альбинамен махаббат хикаясы қалай басталғанын ашыла айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жұлдыздың жары” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бауыржан Сатов әкесінен ерте қалды. Бар ауыртпалықты бір өзі көрген анасы үшін уайымдайды. Кейде мектепке беретін ақшаның жоқ болған кезін еске алады. Бала күнінен көлік жуып, ақша тауып үйренгенін айтады. 

“Менің 3-4 сынып оқитын кезім. Мұғалім бізге ата-аналарымыздан ақша алып келуімізді сұрады. Ертең мектеп қорына осындай сомада ақша алып келесіңдер деді. Мен келіп анама айттым. Анам үндемеді. Ертесі күні маған ақша емес, хат жазып берді. Жол бойы келе жаттым да, не жазғанын оқығым келді. Онда анам ақша жоқ екенін айтып, кешірек беретінін жазыпты. Мен үшін сол сәт ауыр болды. Мұғалім тізім бойынша бәрімізді шақырып, ақшасын алып жатты. Менің атым аталғана, мен ақша емес, хат апарып бердім. Мұғалім оны түсінді де, ашып оқыған жоқ. Мен сол кезде өзімді жаман сезіндім. Қор болғандай сезіндім. Анамның қиналып жүргенін түсіндім. Бір сәтке есейгендей болдым. Мектеп бұрышында қарыздар адамдардың тізімінде анамның аты-жөні жазылып тұрғанын көрдім”, – дейді Сатов.


 "Мылтықтың оғы жүрек тұсына тиген": Бауыржан Сатов әкесінің қазасы жайлы айтты


Бауыржан осылайша балалармен бірге көлік жууға кіріседі. Бәрі жабылып бір көлікті 200 теңгеге жуады. Солай ақша тауып үйрендім дейді ол. 

“Балалармен көлік жуамыз. Аз-паз ақша аламыз. Соған мәз боламыз. Ол кезде кішкентаймын. Отбасын асырайын деп көлік жуған жоқпын. Жалпы, ертеден ақша таба бастадым”, – дейді актер. 

Бауыржан Сатов әңгіме барысында Альбинамен қалай танысқанын айтып берді.

“Альбина Қуандықпен бірге концертте ән айтатын болды. Тәуекел екеуміз жүргізуші болдық. Сахнаның сыртында бірге шай іштік. Альбина шай құйып отыр екен. Көзім түсіп кетті. Кейін сахнада “Бауыржан аға, Тәуекел аға, суретке түсуге бола ма?” деп тұр. Сондай бір жылулықты сезіндім. Содан арада сезім пайда болғандай болды. Альбина екеуміз бір-біріміздің телефонымызды ақтармаймыз. Солай келіскенбіз. Егер арада сенім болмаса, ол адаммен қалай бірге тұрамыз? Сенім болмаса, басқаның не керегі бар. Альбинадан менің өткен өмірімді де жасырған емеспін. Бізде бәрі шынайы. Ол бәрін қабылдады”, – дейді Сатов. 

Талқылау