Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкемді 25 жасында Алматыда атып кетті": Бауыржан Сатов көпшілік жерде айта бермейтін сырларымен бөлісті

Актер, шоумен, тележүргізуші Бауыржан Сатов шығармашылық адамы үшін карантинде төрт қабырғада телміріп отыру қиын болды дейді. Дегенмен, вайн түсіріп, кітап оқып, шығармашылық ізденісте болғанын айтып қалды. Stan.kz тілшісі тележүргізушінің өзімен тілдесіп қайтты. 

Басқалар сияқты карантинде үйде отырдық деген Бауыржан Сатов уақытты босқа жібермей, тиімді өткізгенін айтады. 

"Көппен араласып, үнемі қозғалыс үстінде болған соң, төрт қабырғада қамалып отыру маған қиын тиді. Бірақ бірінші кезекте өзіміздің және отбасмыздың амандығы мен денсаулығы үшін деген ұранмен үйден шықпауға тырыстық. Осы уақытты пайдаланып, шығармашылық жоспарларымызды дайындап, карантиннен кейінгі өмірімізге дайындалдық", - дейді ол.

Карантинде өнер иелері табыссыз қалды. Кейбірі тіпті актерлікті тастап, басқа кәсіп саласын таңдап жатқан көрінеді. Ал Бауыржан Сатов карантинде вайн түсіре бастаған. Көпшілік өнер иелері вайн түсіруді намыс көреді. Актердің өзінен вайн түсіруді ар санамайсыз ба деп сұрағанымызда: 

"Карантинде вайн түсіріп бастадым. Бірақ актерлік саладан түбегейлі кетемін деген сөз емес, өйткені бұл салаға келуімнің өзі оңай болған жоқ. Вайнер болып кетейін, осыдан табыс көзін жасайын деген ойым жоқ. Карантин кезіндегі ермек болды десем де болады. Жалпы өзім әзілге бір табан жақынмын. Сондықтан әзіл ретінде өмірімнен өткен, күнделікті бастан кешіретін оқиғаларды түсіріп жүрмін. Хоббиім, былайша айтқанда", - дейді ол. 

Бауыржанның актерлік салаға келуінің өзі қиын болды деп айтуының жөні бар. Өйткені мектеп кезінен модель болып жұмыс істеген ол, актер болам деген арманына жету үшін бармаған кастингі қалмаған. 

"Мектеп кезінде бойым ұзын, арық және өзіме сенімсіздеу болдым. Тек қыздармен ғана емес, адамдармен араласуым қиын болған. Бір сөзбен айтқан өзіме-өзім ұнамайтынмын. Кейін өзіме деген сенімділікті арттыру үшін модельдік курстарға қатысып, жаттығулар жасап, дене бітімім қалыптаса бастады. Сол салада жүріп өзімнің қазіргі ортамды кездестірдім. Өнерде жүрген достарыммен сол кезде басымыз бірігіп, орта болдық. Модель болып жүріп, кішігірім тиын-тебенімді таба бастадым. Жарнамаларға түсе бастадым. Достарыммен кастинг аралап, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Бірімізді шақырса, бәріміз барып бақ сынап көрдік. Бірақ менің кино саласында бағым жанып кетті деп айта алмаймын. Ал  Тәуекел, Олжас, Артур сынды достарымның, тәубе, жолы болып, бақтары жанды", - деген ол не үшін актерлік салаға сіңе алмағанын да біледі. 

Сынды жүрегіме жақын қабылдаймын деген актер алғашында  өзіне қатысты айтылған пікірлер ауыр тигенін айтады. Актерлікте жарқырап көріне алмағанына сын пікірлердің сындырып жіберуі емес, қабілетімнің нашар болғаныннан шығар деп біледі. 

"Сынды жүрекке жақын қабылдайтын адамдардың бірімін. Біреу мысымды басып қалды деп айта алмаймын. Актерлікті дамыт деп, достарым әлі күнге дейін ұрысып айтады. Актерлікке қарағанда бағдаламалар мен түрлі іс-шараларды жүргізген ұнайды, жаныма жақыны да сол. Актерлікті де жаным қалағаныменен, дәл қазір ұсыныстар мен шақыртулар болмай жатыр" , - дейді Бауыржан.

Бүгінгі таңда Бауыржан Сатов "Алматы" арнасындағы "Таңғы студио" бағдарламасының тізгінін қолына алған. Тікелей эфирде жүретін бағдарламаны жүргізудің өз қызықтары бар деді.  

"Таңғы эфир қиын емес. Бұған дейінде "Таңғы студиода" істеп кеткенмін. Сондықтан бұл жердің ішкі кухнясы жақсы таныс және әріптесерім өте жақсы адамдар. Жұмыс істегенде әріптестердің қарым-қатынасы өте маңызды. Олармен сөзің жараспаса, көзқарасың бір бағытта болмаса, ол жерде жұмыс істеуге құлшынысың да болмайды. Таңертең жұмысқа келгенде қуана-қуана, мерекеге келгендей келемін", - дейді ол. 

Көпшілік орындарда Тәуекел Мүсілімнің досы немесе Альбина Шардарованың күйеуі деп танып жатады дейді Бауыржан. Жұрттың бұл әрекетіне ренжімейсіз бе дегенімізде: 

"Мені қазір Тәуекелдің досы немесе Альбинаның күйеуі деп біледі. Осы жағдайға қалжыңдап жатамын. Бұған ренжіп қарамаймын", - деп жауап берді. Сондықтан да болар танымал болып кетсем де жұлдыз ауруымен ауырмаймын дейді ол. 

Балалық шағы мен ата-анасы жайлы сұрағанымызда көпшілік жерде айта бермейтін сырларымен бөлісті. Әкесінен ерте айырылған ол барлық жүк анамның мойнында болды дейді. 

"Анамның осы уақытқа дейін айтатын ақылы "Адам болыңдар. Мен сендерді әкесіз тәрбиеледім. Асырауым керек, тәрбие беруім керек деп екі жаққа үлгерем деп жүргенде бірдеңе өткізіп алдым ба білмеймін, бірақ сендерге барымды бердім. Айналаңнан тек алғыс алыңдар" дейді. Ол кісі ана орнына ана, әке орнына әке болды. Ел-жұрттан қалмасын деп барын салды. Әкем қайтыс болғанда үш жаста болдым. Көп естеліктер бар деп айта алмаймын. Ол кісіні 25 жасында Алматыда атып кетті. Есімде қалған және суреттен көргенім бойынша, бейнесі бойы ұзын, қасы-көзі қара, сымбатты жігіт болатын. Анам "қас-қабағымен түсіндіретін, көп сөйлемейтін нағыз ер еді" деп есіне алып отырады", - деген ол әкесінің өте салмақты кісі болғанын айтты. 

Бауыржан қазіргі жасаған әрбір ісін жеті рет өлшеп, бір кесемін дейді. Өйткені қандай іс жасаса да бірінші  отбасының абыройын, амандығын ойлайды.

"Менің әрбір істеген ісім отбасыма арналады. Істеген ісімнің барлығы келіп отбасыма тірелді. Отбасы деген біздің барымыз. Мен үшін өмірдегі ең басты құндылық", - дейді ол.

 

Дайындаған: Жанна Мәлік.

 

Талқылау