Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Батыр Жәнібек Елеуісов: 18 жастағы қазақ төрт күн бойы жалғыз өзі немістерге тойтарыс берген

Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі Совет Армиясының кіші лейтенанты, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеуісовтың өмірбаянын ұсынады.

Батыр Жәнібек Елеуісов: 18 жастағы қазақ төрт күн бойы жалғыз өзі немістерге тойтарыс берген

Жәнібек Елеуісов 1925 жылы 20 маусымда қазіргі Алтай Республикасының Усть-Кан ауданындағы Тұрат ауылында көпбалалы, қарайым қазақ шаруаның отбасында дүниеге келген. Алтай өңірінде 7 сыныптық қазақша білім алып, содан кейін басқа ауылдық мектепте орысша оқыған. Кейін колхозда жұмыс істеді.

Бозбала Жәнібек енді ғана үлкен өмірге аяқ басып келе жатқанда, екінші дүниежүзілік соғыс та басталып кетеді. Ал ержүрек қазақ баласы соғыстың алғашқы күнінде-ақ майданға аттануға ниет білдіріп, военкоматқа әскерге алу туралы өтінішін алып келеді. Алайда, оның жасы жаңадан ғана 16-ға толғандықтан, оны әскер қатарына алмайды. Бірақ, ол айтқанынан қайтпай бірнеше рет военкоматқа барып, аудандық комсомол комитетіне майданға ерікті түрде жіберуін өтінеді. Жас жігіттің арманы тек 1943 жылдың ақпанында ғана орындалды. Осылайша, Елеуісов 1943 жылы ақпанда Алтай өңірінің Усть-Кан ауданындағы Қызыл Армияның әскери комиссариатына шақырылып, Барнауыл әскери училищесіне жіберіледі.

Ал 1943 жылдың тамызында ең мықты курсанттардың қатарында болған Елеуісов ақыры майданға жіберіледі. Сөйтіп, Сумы аймағын, Шостка қаласын жау қолынан азат етуге қатысып, Деснаны, Днепрді алады, сондай-ақ Киевтің солтүстігіндегі Днепрдің оң жағалауындағы көпірді басып алу және аумақты кеңейту ұрыстарына қатысады.

1943 жылы 23 қыркүйекке қараған түні 6-гвардиялық атқыштар дивизиясының 25- гвардиялық атқыштар полкінің пулеметшісі, Қызыл армия әскері Жәнібек Елеуісов алғашқылардың бірі болып Днепрді кесіп өтіп, оң жақ жағалаудағы плацдарманы басып алуға қатысады. Пулеметін қолына алған жас жауынгер жауға қарсы шабуыл жасап, өзінің бөлімшесіне өзенді кедергісіз басып алуына мүмкіндік жасайды.

Құрамында Жәнібек Елеуісов болған полк Днепрге келгенде су шекарасынан өтіп, жаудың қорғанысын бұзып, оны қоршауға алып, жойып жіберуі керек болатын. Сонда 1943 жылы 22 қыркүйекте Жәнібек Елеуісов және тағы екі жауынгер станокты пулеметтерін алып, жиналатын қайықпен тапсырманы орындауға шығады. Бірақ, жау қолы Қызыл әскердің жауынгерлерін байқап қалып, оқ жаудыра бастайды. Сол кезде пулеметші Жәнібек Елеуісов қарсыластың пулеметінің мылтығын бұзып, бүкіл батальонға өзеннен өтуге мүмкіндік ашып береді. Осылайша, қазақ жігітінің ерлігінің арқасында Днепрдің арғы жағындағы Қызыл Армия әскері бұрын-соңды болмаған тұрақтылықты көрсетіп, күн сайын жаудың сегіз шабуылына бір айға жуық уақыт тойтарыс береді.

Бірақ, бұл ауыр ұрыста Кеңес жауынгерлерінің күші әлсірей бастап, барлық топтан тек Жәнібек қана қалды. Бірақ ол немістерден жаулап алған шағын плацдармды ұстап тұрып, шімірікпей соңына дейін жазғыз өзі тойтарыс береді. Ал қараңғы түнде фашистердің шабуылы тоқтатағанда, Елеуісов түні бойы оғы таусылған қаруларын оқтап, жау әскері оның бір жерден екіншісіне көшіп жүргенін байқамас үшін әр жерге бес пулемет қойып шығады. Таң атқанда, гитлерліктер қайтадан кеңес жауынгерлері тұрған жерге шабуыл жасаған кезде, Жәнібек жаудың қолы ұрыс алаңын тұтастай бір бөлімше ұстап тұр деп ойласын деп, жауға өзі жалғыз соққы береді. Осылай ол төрт тәулік бойы не демалмай, не тамақтанбай жазғыз өзі жауға тойтарыс берді. Ол төрт күн бойы Днепрдің оң жағалауында жауға қарсы жалғыз шайқасты.

Жаудың шабуылына гранаталар лақтырып, пулеметпен оқ жаудырған Жәнібек күші тең емес бұл ұрыста жеңіске жетті. Сонда рота командирі бастаған сарбаздар қазақ жігітіне көмекке келгенде, 4 тәулік бойы тоқтамай оқ жаудырғаннан қолдары әбден ісініп кеткен Елеусіновты станокты пулеметтің сабын ұстап, әлсіреп жатқан жерінен тауып алады.

Сондай-ақ, ол 1943 жылдың 29 қыркүйегінде Киев облысындағы Чернобыль ауданы Плютовище кентінің жанындағы Припять өзенінен де сәтті өтеді. Оң жақ жағалауға жеткен Жәнібек Елеуісов жаудың атыс орнына оқ жаудырып, көпшілігін басып-жаншыды.

Бұл сұрапыл соғыста 25-ші атқыштар полкі Припять өзенінің шығыс жағалауына шығып, Чернобылдың оңтүстік шетіне дейін, батыс жағалауға өтуі керек болды. Сол ұрыста фашистер Кеңес әскеріне қарсы психологиялық шабуыл жасай бастады, өйткені олар Қызыл әскер жауынгерлерінің қоршауда қалғанын жақсы білді. Сонда гвардиялықтар қатты әлсіресе де, батыл әрекет ете алды. Сол күнгі қатал ұрыста рота командирі Жихарев қазақ жігітін ең қиын аумаққа жібереді. Елеуісов командир Жихаревтің сенім артқан жауынгері, ол әрдайым оған үмітпен қарайтын. Сондықтан рота командирі оған үлкен сенім артып, қауіпті аумаққа қорықпай жіберетін. Осылайша, құрамында Елеуісов болған бөлімше Яновка қорғанысын да батылдық көрсетіп, екі күн бойы Яновка ауылындағы қорғанысты жау қолына бермей ұстап тұрды. Бұл өте қиын және көп сарбаз көз жұмған ұрыс болды.

Үшінші түні рота командирі Жихарев тағы да Елеуісовты өзіне шақырып алып, оған барлаушы ретінде, бөлімшенің алдында жүруді тапсырады. Қоршауда қалған Кеңес әскері жауға төтеп беріп, аман-есен құтылып шығулары керек болды. Сол күнгі шайқаста Елеуісов роталас жауынгермен бірге орманда жасырынып жатқан қалың немісті орындарынан қозғап, жау қолы өздеріне қарай жақындағанда, пулеметпен және автоматмен оқ жаудырып, жауды қашырады. Бұл шайқаста көптеген адам қаза тауып, жараланды. Сол кезде Жәнібек Елеуісов басынан жарақат алып, терісі жырылып кетеді. Елеуісовтің басынан қан су секілді ағып, бүкіл денесін басып қалса да, ол пулеметін тастатаған жоқ. Ол халінің нашарлай бастағанына қарамай, немістер қыспаққа алмасын деп, жаралы болса да жауға төтеп берді.

Сөйтіп, ол бүкіл батальонның өзеннен аман-есен, сәтті өтуін қамтамасыз етті. Осылайша, жойқын ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткен Елеуісов батырлығымен ерекше көзге түседі.

1943 жылдың 16 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Киевтің солтүстігіндегі Днепр өзенінен сәтті өтіп, Батыс жағалаудағы көпірді нығайтуға қатысқан және ұрыстарда батылдық пен ерлік көрсеткен Қызыл Армия жауынгері Жәнібек Ақатұлы Елеуісовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталды.

Жәнібек Ақатұлы Днепр шайқасынан кейін де көптеген ұрыстарға қатысты. Ол Ровенский атын алған және Ленин мен Суворов орденімен марапатталған бөлімшесімен бірге Прага қабырғаларына дейін жетеді.

Кейінірек ол Малин, Житомир, Новоград-Волынский, Ровно қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. Бірақ, 1944 жылдың наурызында Ровне ауданындағы Дубно қаласына жақын шайқастарда қатты жараланады. Сол ұрыста алған жарақатының салдарынан алты қабырғасы мен өкпесін алып тастайды. Содан ұзақ уақыт ауруханада жатады.

Ауруханада емделіп болғаннан кейін, 1944 жылдың күзінде Қазан қаласына оқуға жіберіліп, онда жаяу әскерге командирлер даярлау үшін Житомир әскери мектебіне орналастырылады. Оқудан кейін Черновцы қаласында жұмыс істейді. Мұнда ол әскери мектепте жауынгерлік тактика бойынша сабақ берді.

1946 жылдан бастап кіші лейтенант Елеуісов запастағы жауынгерлер тізімінде болды. Демобилизациядан кейін яғни, әскерден қайтарылған соң Алтай өлкесінің Бистроисток ауданында, Верх-Ануйское ауылындағы жеті жылдық мектептің директоры болып жұмыс істеді.
1948 жылы Тұрат ауылдық кеңесінің төрағасы, Алтай өңірлік кеңесінің депутаты болып сайланды. Ал 1951 жылдан бастап, Алтай өлкесінің Усть-Кан ауданындағы, Қырлық ауылында жеті жылдық мектептің директоры болып қызмет етеді.



Соғыстан оралғаннан кейін де тыңбай еңбек еткен қазақ жауынгері 1954 жылдан бастап Қазақстанда, Шығыс Қазақстан облысында тұрады. Кейін 1962 жылы Гурьев қаласына, яғни қазіргі Атырауға көшіп, сол жақта өмір сүреді. Сөйтіп, 1962-1964 жылдары Гурьев қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық сабағын оқытып, мұғалім болып жұмыс істейді. Ал 1964 жылдың тамыз айынан бастап, ДОСААФ Гурьев облыстық филиалының спорттық атқыштар клубының басшысы болды. Сондай-ақ, төрт жыл қатарынан Гурьев қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды.

Елеуісов 1972 жылдың қыркүйегінде ДОСААФ желісі бойынша Жамбыл қаласына, қазіргі Тараз қаласына ауыстырылды. Онда ол ДОСААФ аймақтық комитетінің облыстық спорттық-атқыштар клубының басшысы болды. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерлік көрсеткен батырымыз өмір бойы еңбек етіп, ақыры 1991 жылы зейнеткерлік демалыс шығады.

Осылайша, соғысқа аттанған жылы Днепр өзенінен өтудегі жойқын ұрыстарда ерекше көзге түсіп, Кеңес Одағының батыры атағын алған ең жас қазақ жігіті Жәнібек Елеуісов 1996 жылы 21 сәуірде өмірден озды. Ол Тараз қаласындағы «Жасыл кілем» зиратында жерленді.

Алғашқылардың бірі болып Днепр өзенін бағындырған қазақ жігіті 1943 жылы Ленин орденімен, 1943 «Ерлігі үшін» медалімен және 1985 жылы 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Ал Таразда, Кеңес Одағының батыры өмір сүрген Сабыр Рахимов көшесіндегі №1 үйдің қабырғасында оған арнап ескерткіш тақта орнатылды.

 

STAN.KZ
Жұма, 01 Ақпан, 2019 12:11
Талқылау