Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Батыстың әжесі" лақап атымен танылған зейнеткер TikTok арқылы қалай табыс тауып отырғанын айтып берді

Желіде "Батыстың әжесі" деген лақап атымен танылған  Атырау қаласы Еркінқала ықшамауданының тұрғыны Хадиша Аймұхамбетқызы TikTok арқылы қалай қомақты қаржы тауып отырғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынды

Елімізде танымал желі арқылы батл ойнайтын қария, TikTok компаниясына ресми жұмысқа орналасып, зейнетақысына қосымша жалақы алып отыр. 

"Бұл әлеуметттік желіге тіркелгеніме бір айдан астам ғана уақыт болды. Аз уақыт ішінде ауқымды аудитория жинап үлгердім. Маған TikTok тілін балаларым үйретті. Қазір өзі емін-еркін кіре беремін. Алғашында өлең оқып, бейнероликтер жүктеп, кейін тіркелушілер көбейген соң тікелей эфирге шығуға мүмкіндік алдым. Еш зияны жоқ екен. Көрермен балаларыма бар ақылымды айтамын. Осыдан ақша тауып отырмын. Оны несін жасырайын. Қытай өзі біледі екен, бірдеңені. Ойыншықтың да, киімнің де бәрі Қытай боп кетті ғой. Енді ТikTok та Қытай. Сол Қытайдан ақша тауып жатырмыз. Қазір қызыл тілімнің пайдасын көріп сайрап отырмын ТikTok-та. ТикТоктан зиян көріп жатқан жоқпын. Сол, ТikTok-қа 3 қарашада ақи-тақи шығып кеттім", - деді әже. 

Фото: Видеодан алынды

Ақжаулықты анамыз ТикТокта түрлі жағымсыз пікірлердің де жазылатынын айтады. Себебі онда үлкен кісілердің әлеуметтік желіде отыруын ерсі көретіндер бар екен. 

"TikTok-қа бүкіл шаруамды тындырып алып кіремін. Немерелерімді бағып-қағу, мектепке дайындау мен олардың ас-суы мойнымда. Себебі балам мен келінім таңнан кешке дейін жұмыста. TikTok-та Керім қабылдайды. "Әже, әже, бабушка" деп. Сонау шетелден, Грузия, сол жақтың баллары бар. Келіп, айқайлап, қолдап кететін. "Әже, әжелеріңді құрметтеңдер" деп. Өзіміздің қазақтар, обалы не керек, жақсы жастар. Мәз болады, мені көріп қалса, "о, әжемен ойнаймыз" деп. Батл ойнағанда. Сосын меннен ақыл сұрайды. Бата сұрайды. Бар білгенімді айтамын ғой. Жетпіс жыл естіген, көргенімді айтамын ғой", - деді Хадиша Аймұхамбетқызы. 

Бұған дейін қан қысымы көтеріліп ауыратын зейнеткер осы желіге қосылғалы денсаулығы жақсарғанын жеткізді. 

"Батыстың әжесі" қазір TikTok желісінде ресми түрде жұмыс істейді. Әженің батлдарын көрген Қазақстандағы TikTok агенттіктері қосымша табыс табуға шақырған. Агенттіктің кеңсесіне барып, батл ойнап тұрады.

Талқылау