Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанның шаруалары ақбөкендердің жаппай басып кіруіне байланысты төтенше жағдай режим енгізуді талап етті

Батыс Қазақстан облысының шаруалары ақбөкендердің көптігіне және олардың басып кіруіне байланысты өңірде төтенше жағдай режимін енгізуді сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Биыл Бөкей орда ауданында шөптің шығымы көңіл көншітпейді. Жаңа қылтиып келе жатқан көкті сәуірдегі салқындық буып тастаған, азын-шоғын шыққанын киік таптап кеткен. Енді шабындыққа шалғы салған шаруалар қысқы мал азығын қайдан дайындарын білмей отыр.

"Қос трактормен таңнан кешке дейін шапқанда 15 рулон ғана түсіп тұр", – дейді механизатор Жасұлан Шәкіров.

Казталов, Жәнібек аудандарында да жағдай мәз емес. Арнайы комиссия ауылдарды аралап, шабылған шөпті өлшеп, шығынды есептеп жатыр.

Қазір 3-4 ауылда шөп жоқ. Оны басқа аудандардан тасылмалдауға тура келеді. Бірақ шығындар кімнің есебінен өтелетіні белгісіз. Себебі киіктен келген шығынды өтеу тетіктері еш заңда жазылмаған.

Күні кеше Астанаға барған облыстық мәслихат депутаттары ауыл шаруашылығы министрімен кездесіп, шаруалардың мәселесін жеткізді.

"Қыстан шығу үшін мал азығын сатып алуға көмек ретінде 10 млрд-тай ақша керек. Ол ақша облыста бізде жоқ. Министрдің ұсынған жолдары киіктен залал келген аудандарға, ауылдарға төтенше жағдай жариялау. ТЖ арқылы тез болады деп, ұсынысы - сол", - дейді депутат Нұртай Жұмашев.

Ал шаруалар шұғыл түрде киік санын шектемесе, келешекте шабындық түгілі жайылым жер болмауы мүмкін деп отыр. Ақбөкендер соңғы жылдары қала маңына дейін жетіп, астықты алқаптарға ауыз салды. Диқандар егін ексе қып-қызыл шығынға батады, екпесе пайдаланбаған жерді мемлекет қайтарып алады.

"Біз жаздық, депутаттық сауал жібердік және барлық жерде 2,5 миллион бас бар екендігі көрсетілген. Келесі жылы ол 3,5-4 миллион болады. Сонда біз не істейміз? Экология министріне бұл сұрақ қойылды. Нақты жауап жоқ. Қауесет бойынша, биылғы жылы 10% санын қысқартуға болады, бірақ бұл бізді ешнәрсемен құтқармайды", – деді Жұмашев.

Сондай-ақ жергілікті билік бұл мәселені шешуге және ақбөкеннің шабуылынан зардап шеккен шаруаларға көмектесуге уәде бергені атап өтілді.

 

Талқылау