Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде көктемде болған су тасқыны 8,5 миллиард теңгенің жолын шайып кеткен

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан кейінгі жолдарды қалпына келтіруге үкімет резервінен қосымша миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ҚазАвтоЖол

Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, барлық аумақтардағы жөндеу жұмыстары құрылыс маусымы аяқталғанға дейін тәмамдалады. 

"Батыс Қазақстан облысының әкімдігі 26 нысанды қалпына келтіруге мемлекеттік резервтен бір миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуге есеп-қисап дайындады. Қазіргі уақытта министрлік қаулы жобасына келісу рәсімін жүргізіп жатыр", – деді министр. 



Министрдің сөзінше, биыл көктемде болған су тасқыны республикалық маңызы бар құны 8,5 миллиард теңге болатын жолдарды шайып кеткен. Су тасқынының салдарын жою үшін, жолдар мен құрылыстардың бүлінген учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр екен. 

"Республикалық жолдарда 122 учаскеде жол жиектері шайылып, қалпына келтіру жұмыстарына 8,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірілді", – деді министр. 

Қазіргі уақытта республикалық бюджет есебінен 102 учаскедегі жұмыстар толығымен аяқталды. Қалған 20 учаскеде жұмыс Қазақстанның даму банкі есебінен жүргізіліп жатыр екен. Министр жөндеу жұмыстары құрылыс маусымы аяқталғанға дейін тәмамдалады деп уәде берді.

Бұған дейін, министр үкімет еліміздің бес облысындағы 88 нысанды қалпына келтіруге төтенше жағдай резервінен 29 миллиард теңге бөлгенін айтты. Ол аумақтарда Ақмола (15 учаске), Ақтөбе (33), Атырау облыстарында (8), Қостанайда (22) және Солтүстік Қазақстанда (10) участке бар. 

Министрдің айтуынша, су тасқынынан кейін еліміздің 10 облысында 414 аумақ қирап, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 233 аумақ қалпына келтірілген. Ең көп зардап шеккен жолдар Батыс Қазақстан облысында (137 учаске), Ақтөбе облысында (52) және Солтүстік Қазақстан облысында (42), ең аз Атырау және Ұлытау облыстарында (әрқайсысы 11 учаске) ​​болды.

Бастапқыда Көлік министрлігі су тасқынының салдарын жою үшін жол жөндеу жұмыстарына құзырлы органдар 8,4 миллиард теңге жұмсайтынын мәлімдеді. Маусым айында мемлекет төрт облыста су тасқынынан қираған жолдар мен көпірлерді қалпына келтіруге тағы 22,7 миллиард теңге бөлгенін хабарлады. 

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе екенін және күре жолдарды қайта жаңғырту керек екенін айтқан еді. 

Талқылау