Батыс Қазақстанда үш ауылдың тұрғындары ауданға қатынаудан қалды: Көпір мен жолдарды су шайып кетті (видео)
15 наурыз күні Батыс Қазақстан облысындағы Шідерті өзені көтеріліп, уақытша көпір мен жолдарды шайып кетті. Салдарынан үш бірдей ауылдың тұрғындары ауданға қатынаудан қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Орал апталығы” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Еріген қар суы Сырым ауданы Аралтөбе ауылының маңындағы Жымпиты-Ақсай тас жолында орналасқан уақытша көпірді бұзған. Бұл көпірді 2024 жылы негізгі көпірдегі жөндеу жұмыстарына байланысты салған еді. Су көпірдің бетон плиталарын шайып кеткен.
Қазір көпір арқылы көлік қозғалысы тоқтатылды. Аралтөбе,Талдыбұлақ пен Ақтайсай ауылдарының тұрғындары аудан орталығына көлікпен қатынай алмай отыр.
“Көпір құлап жатыр, арғы жағын да жырып кетті. Көпірден өте алмай тұрмыз. Екіге бөліп тастаған”, – дейді видео авторы.
15 наурыздан бері еріген қар суы жолдарды шайып жатыр.
Жыл сайын су тасқыны кезінде асфальті жоқ қара жолды су басып қалады. Сол себепті Ақтайсай аулының тұрғындары су қайтқанша жол кепкенін бір апта күтуге мәжбүр.
Еске салайық, бұған дейін Оралда қалың қар еріп, жолды су шайып кеткен еді.