Батыс Қазақстанда су тасқыны кезінде көмектескен жеке қайырымдылық қорды тексеріп жатыр
Фото: ТЖМ
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы 2024 жылы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында құрылған "Ақжайық" жеке қайырымдылық қорының жұмысын тергеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Орал апталығы" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қордың құрылтайшысы және директоры — бұрынғы шенеунік, Ішкі саясат басқармасының экс-басшысы Тлекқабыл Имашев. "Ақжайық" жеке қайырымдылық қорына Батыс Қазақстан облысының қарапайым тұрғындары мен ұйымдарынан баспанасынан айырылған азаматтарға көмек ретінде қаражат түскен.
Облыс прокурорының орынбасары Азамат Қустановтың айтуынша, "Ақжайық" жекеменшік қорына қатысты тексеру шаралары әлі аяқталған жоқ. Сондықтан су тасқынынан зардап шеккендерге арналған қаражаттың қаншалықты заңды, ашық әрі әділ бөлінгені жөнінде айтуға әлі ерте.
Ал "Ақжайық" қорының директоры Тлекқабыл Имашевтың сөзінше, 2025 жылы 14 мамырда қор су тасқынынан зардап шеккендерге 73,4 миллиард теңге жиналған. Бұл қаражатқа баспанасынан айырылған отбасыларға 2 011 пәтер сатып алынып, 777 үй салынған. Сонымен қатар демеушілердің қаражаты есебінен облыста 19 бөгет, алты жол және бірнеше инженерлік-коммуникациялық желілер қалпына келтірілген.
2025 жылы мамыр айының ортасына қарай "Ақжайық" жекеменшік қорында 1 миллиард 263 миллион теңге ақша қалған. Имашевтың айтуынша, бұл қаражат облыс тұрғындарына сот арқылы су тасқыны салдарынан жарамсыз болып қалған және саяжай үйлерінің орнына пәтер алуға шешім шыққан жағдайда жұмсалады.
2024 жылғы су тасқыны кезінде облыс әкімдігі "Ақжайық" қорымен және қаражат аударған барлық компаниялармен үшжақты келісімге қол қойған. Қор демеушілердің қаражатын тек өз шотына жинақтап, облыстық және қалалық әкімдіктердің бөлімшелері ұсынған құжаттарға сәйкес қаражатты аударады”, – дейді қор басшысы.
Қорға келіп түсетін қаражатты бөлуге толық жауапкершілік БҚО әкімдігінде.
"Сонымен қатар демеушілер өз қаражаттарының қалай жұмсалып жатқанын өздері қадағалап отырады – пәтер сатып алу, үй салу немесе бөгеттерді қалпына келтіру секілді мақсаттарға нақты жұмсалғанын бақылайды. Олар тұрғын үй сатып алу барысының әр кезеңін бақылап, мемлекеттік органдардан қорға төлем жасау үшін келіп түскен барлық құжатты сканерлеп, қайта тексереді. Демеушілердің келісімінсіз ешқандай қаражат аударылмайды", – деді "Ақжайық" қорының директоры.

Белгілі қазақстандық блогер Qazaq Oil жанармай бекетін сапасыз бензин сатты деп айыптады
