Батыс Қазақстанда соққыға жығылған оқушының анасы мектеп директорын жұмыстан шеттетуді талап етті
Батыс Қазақстан облысында соққыға жығылған мектеп оқушысының оқиғасына қатысты жаңа деректер айтылды. Еске сала кетейік, бұған дейін Теректі ауданы Подстепное ауылының тұрғыны Мейрамгүл Құбашева өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында №1 мектептің жетінші сыныбында оқитын ұлының өзге оқушылардан таяқ жегенін айтқан болатын. Енді өзі де осы мектеп қабырғасында педагог-дефектолог болып жұмыс істейтін әйел директорды жұмыстан шеттетуге ниетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" сайтына сілтеме жасап.
Әйелдің жазбасына сүйенсек, 4 қазан күні мектептен тыс жерде оқушылар арасында төбелес болып, салдарынан ауыр жарақат алған баласы ауруханаға түсіп қалған. Әйел бұл оқиғаға оқу орнындағы тәртіпті қамтамасыз ете алмайтын мектеп басшылығын кінәлайды.
"Эльмира Өтепбергенова мектепті басқарып отырғанына екі жыл ғана болды. Бірінші жылы қашықтықтан оқыту жүргізілгендіктен, біз оны мүлдем көрмедік. Қазір жағдай қиындап кеткен. Директордың жұмысы мүлдем байқалмайды, ол өз кабинетіне кіріп кетеді де мүлдем шықпайды. Мен мектепте тәртіп жоқ екенін, киім үлгісі сақталмайтынын бірнеше рет айтқанмын, алайда кері байланыс жоқ. Балалар тіпті мұғалімдердің көзінше боқауыз сөзден тартынбайды. Білім сапасы өте төмен. Өз басым мектеп басшысына жеке шатағым жоқ, тек балаларды аяймын", – дейді Мейрамгүл Құбашева.
Әйелдің сөздерімен оның әріптесі де келіседі. Оның айтуынша, оқиғаның мектеп қабырғасында болған-болмағанына қарамастан оқушылар ұшыраған барлық жағдайға мектеп әкімшілігі жауапты.
Бұл арада мектеп директоры мектеп оқушылары арасындағы жанжалға қатысты түсінік берді. Оның сөзінше, оқиға сабақ уақытынан тыс мектеп қабырғасынан басқа аумақта болған. Мейрамгүл Құбашеваның ұлы екінші сынып оқушысына өздігінен тиісіп, бетінен ұрып, сөмкесінен тебе бастаған дейді директор. Жасы кіші оқушыны сегізінші сынып оқушысы қорғап, балалар арасында төбелес орын алған және нәтижесінде жетінші сынып оқушысы жарақат алып қалады.
- "Ақша талап етіп, дәретханада ұрып тастаған": Түркістанда сыныптасынан таяқ жеген 5-сынып оқушысы көз жұмды
- Шымкентте мектеп инспекторы оқушының басынан телефонмен ұрған
- "Әулетімізбен органда істейміз": Шымкентте оқушыны сыныптасының әжесі ұрған
"Біз төбелес жайлы келесі күні таңертең анасының жазбасынан кейін білдік. Жасөспірімдер инспекторлары істің барлық мән-жайын тексерді. Біз, мектеп әкімшілігі, ата-аналар мен балаларды шақырып, осы жағдайды талқыладық, ал қылмысты алдын алу комиссиясы мәселені жан-жақты зерттеді. Бұдан бөлек Құбашева менің жұмысыма көңіл толмастық білдіріп, киім үлгісін талап етпейтінімді алға тартады. Бірақ ондай қаулы жоқ қой. Бірыңғай мектеп формасы оқу жылының басында алынып тасталынды, тиісінше мұғалімдер де, оқушылар да классикалық киім кисе жеткілікті", – деп түсіндірді ол.
Оқытушылар мен ата-аналар да директордын сөзін сөйлеген.
Мектеп мұғалімдерінің барлығы дерлік директорды қорғап шыққанын айта кету қажет. Олардың сөзінше, аптаның басынан бері мектепке тексеруші органдар келіп, олар директордың жұмысында да, басқа мұғалімдердің жұмысында да бірде-бір бұзушылықты анықтамаған.
"Балалар аулақ шығып төбелескен, ал жанжалды бастаған зардап шеккен баланың өзі. Демек, анасының өзі баласына бұлай жасауға болмайтынын айтпайды деген сөз. Мейрамгүл Құбашеваның біздің ұжымға және әкімшілікке үлкен реніші болған деп сенімді түрде айта аламын, ал бұл орын алған оқиғаны ол өз пайдасына жаратқысы келген. Тексеріс келді, осы апта біз үшін қорқынышқа айналды, инспекторлар мектеп басшылығының отставкаға кетуін талап етуде. Олар барлық құжаттарды тінтіді, ата-аналар болса бізді қорғап шықты", – дейді орыс тілі пәнінің мұғалімі Ольга Граница.
Ата-аналар комитетінің төрайымы Элла Сағынбаева орын алған жағдай оқушыларға кері әсер етуде, ата-аналардың өздері де бұл туралы қатты алаңдаулы екенін жеткізді.
"Біз, ата-аналар, орын алған оқиғаға алаңдаушылық білдіреміз. Педагогтер өте білімді, тәртіпті өз жұмыстарын адал атқарады. Неге бір адамның сөзіне бола бүкіл ұжымның еңбегін зая ету қажет? Неге Мейрамгүл Құбашева төбелесті өзінің ұлы бастағанын ашып айтпайды?! Неге сегізінші сынып оқушысының кішкентай баланы қорғағын жасырады?” – деп түйіндеді Элла Сағынбаева.