Батыс Қазақстан облысында жаңа дәрігерлік бөлімше ашылды
Республика күніне орай Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында жаңа дәрігерлік бөлімше ашылды. Дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген Асан ауылында екі мыңнан астам тұрғын бар. Ауыл тұрғындары үшін мұндай медициналық мекеменің ашылуы – үлкен қуаныш. Өйткені бұрын медициналық қызмет алу үшін олар Оралға немесе көрші ауылға баруға мәжбүр болған. Енді дәрігерлік амбулатория жанындағы күндізгі стационарда емделуге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындардың қуанышымен ортақтасуға облыс әкімі Нариман Төреғалиев барды. Әкім Президенттің Жолдауында денсаулық сақтаудың тиімді моделін құру арқылы барлық ауылдық елді мекендер 3 жыл ішінде фельдшерлік-акушерлік пунктілермен және амбулаториялармен қамтамасыз ету міндеті жүктелгенін атап өтті.
"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында облысымыздың ауылдарында 2025 жылға дейін 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын салу жоспарланған. Ол үшін республикалық бюджеттен биыл 3,6 млрд теңге бөлінді. Жоспарланған 24 медициналық нысанның 12-сінің құрылысы басталды. Осы дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарының туған ауылынан шықпай-ақ сауығатын орынға айналуын шын жүректен тілеймін. Жаңа нысан елдің игілігі үшін құтты болсын!” – деді салтанатты ашылуға қатысқан БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
Фельдшерлік-акушерлік пункт орталықтандырылған суға қосылған және табиғи газбен автономды жылытылады. Мұнда фельдшер, акушер, санитар және техникалық қызметкер жұмыс істейді. Штатқа медбике енгізу жоспарланған екен. Мамандар қажетті медициналық қондырғылар мен құралдар, жиһаз және ұйымдастыру техникасымен жабдықталған. Тексеру кабинеті, фельдшердің кабинеті, акушердің кабинеті, фильтр, изолятор, екпе кабинеті де бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, БҚО құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша бірнеше ай ішінде жаңа ғимарат салынған. Мердігер – "СКФ Отделстрой" ЖШС. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 342 млн теңге бөлінген.
Айта кетсек, биыл БҚО-да "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша жеті дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік және алты медициналық пункт салу жоспарланған болатын. Бұған дейін Бәйтерек ауданының Қайнар ауылында ФАП іске қосылды. Сондай-ақ Теректі және Сырым аудандарының Барбастау және Өлеңті ауылдарында осындай медициналық нысандар ашылған болатын.
Ал Бөрлі ауданының Аралтал, Бәйтерек ауданының Асан, Казталов ауданының Бостандық, Теректі ауданының Сарыөмір ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ Жәнібек ауданының Жақсыбай, Казталов ауданының Қараөзен, Жаңақала ауданының Қызылоба, Бөкей ордасы ауданының Мұратсай, Жәнібек ауданының Қамысты, Бәйтерек ауданының Новенький ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пунктілер де халық игілігіне берілмек.
Аталған ұлттық жоба аясында облыста қос бірдей ауданаралық аурухана да салынады. Атап айтқанда, Казталов аудандық ауруханасы ғимаратын қайта жаңартылады. Сол секілді Ақсай қаласында Бөрлі аудандық ауруханасы ғимаратында қосымша құрылыс салынбақ. Жыл соңына дейін жобалары жасақталып, құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау көзделіп отыр.
Еске сала кетсек, денсаулық сақтау министрлігі ұлттық жоба алдағы екі жылда 655 медициналық нысан салуды көздеп отыр. Биыл 99 медициналық нысан салуға қаражат бөлінген. Жаңа нысандар салу нәтижесінде шамамен 1 млн ауыл тұрғыны медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен, профилактикалық тексеріс, скрининг, ауруды ерте анықтау сияқты қызметтермен қамтылады деген сенім бар.