Батыс Қазақстан облысында өңірдің мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүрген бір топ қоғам белсендісі марапатталды
Республика күні Батыс Қазақстан облысында кең көлемде атап өтілді. Облыс орталығы мен он екі ауданда мерекелік жиындар, спорттық шаралар өткізіліп, барлық жерде Мемлекеттік гимн шырқалып, ту көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мерекеде БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева өңірдің мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүрген бір топ қоғам белсендісі мен БАҚ өкілдерімен кездесіп, алғыс хаттармен марапаттады.
"Атамекен" өнер ордасында "Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ХХV облыстық шығармашылық фестивалі өтті. Оған аудандық және қалалық кезеңде жеңімпаз атанған 16 жастан асқан 50 азамат қатысты.
Олар "Эстрадалық вокал", "Үздік жасампаз" және "Музыкалық аспапта ойнау" аталымдары бойынша бақтарын сынап, өз өнерлерін көрсетті. Іс-шарада "Үздік жасампаз" аталымына қатысушылардың өздері жасаған қолөнер бұйымдары қойылды. "Эстрадалық вокал" мен "Музыкалық аспапта ойнау" аталымына қатысушылар түрлі әндерді шырқап, аспаптарын шеберлікпен ойнап, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар бірдей марапат пен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
ҚР Ұлттық ұланының "Батыс" өңірлік қолбасшылығының басқарма офицерлері Республика күнін кең көлемде тойлады. Қызмет барысында ерекшеленген әскери қызметшілерге құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен грамоталар табыстады. 5517 әскери бөлімінің әскери оркестрі әскери және патриоттық әндерді орындады.
Казталов ауданында Аудан күні аталып өтті. Аудан орталығының сыртына киіз үйлер тігіліп, сахна құрылып, кәсіпкерл¬ер жиналған ауыл тұрғындарына ыстық қуырдақ, кәуап пен қымыз-шұбаттарын ұсынды. С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының өнерп¬аздары теат-рландырған көрініс қойды. Түрлі салада жемісті еңбек етіп, үздіктер қатарынан көрініп жүрген бір топ азамат марапатталды. Жуырда Моңғолияда өткен әлем чемпионатында қола жүлде алған чемпион Айдын Елемесовке кәсіпкер Айбынбек Абитов ат мінгізді. Аудан күні бәйге, армрестлинг, арқан тартыс, қой көтеру, жаяу жарыс секілді спорттық шар-алар өтті.
Бәйтерек ауданына қарасты Переметный ауылында көпшілік жүгіру өтті. Оған ауданның он ауылынан 60-тан аса адам қатысты.
"Бәйтерек" спорт клубы ұйымдастырған 3 шақырымдық көпшілік жүгіруде ерлер арасында Жарас Айтуаров, әйелдер арасында Айлана Қанатқызы үздік болды. Ал аталымдар бойынша "Ең жас спортшы" болып Серікқали Жанғази, "Жас үлкен спортшы" ретінде Эльдар Жұманиязов танылды.
Ал Сырым ауданында 25 қазан күнгі мерекеге сырымдық велошерушілер 25 шақырымдық "Республикам – менің Айбатым" атты Жымпиты-Шағырлой-Жымпиты бағытына веложорық өткізді. Ал мекеме басшылары мен қызметкерлері, ауылдық округтерден келген жерлестер, мектеп оқушылары 3 шақырымдық көпшілік жүгіруге қатысты.
Теректі ауданында Тутұғыр алаңында басталған мерекелік шара Ту шеруімен жалғасты. Автокөліктер сап түзеп, көк байрақты көтеріп ауыл ішін айналып өтті. Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде волейболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды. Оған Теректі, Приречный, Шаған, Шағатай, Шалқар, Подстепное, Долин ауылдарының спортшылары қатысты.
Автошеру өткен ауданның бірі – Бөрлі ауданы. Көк туды желбіреткен көліктер Қызылтал, Аралтал, Пугачев ауылдарымен өтіп, Ақсайдағы Абай даңғылында аяқтады.
Ақсай қаласында да мерекені тойлау аудандағы бас тутұғырдағы туды көтерумен басталды. Ұлттық мерекені тойлауға келген ақсайлықтар "Шеберлер қалашығы" жәрмеңкесін тамашалады. Аудан шеберлері жәрмеңкеге қол өнер бұйымдарын, тұрмыстық заттар, кәдесыйлар қойды. Саябаққа жиналған қала халқына ыссы бауырсақ, шәй мен көже тігін таратылды. Іс-шара облысқа және республикаға танымал аудан әншілерінің концертіне жалғасты.
Облыстың барлық ауылындағы мәдениет үйлерінде, алаңдарда мерекелік концерттер, көшелерде түрлі акциялар өтіп жатты.