Артында бес баласы қалды: БҚО-да суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп екі мұғалім мерт болды
Фото: Қанат Шайхиденов, Бекарыс Әминов
10 шілдеде екі мұғалім суға батып кетті. Дәл осы күні 112 пультіне Теректі ауданы Ақжайық ауылындағы Жайық өзеніне екі адам батып кеткені туралы хабарлама түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі ер адам суға батып бара жатқан 13 жастағы қызды құтқармақ болған.
"Құтқарушылар оқиға орнына жеткенше жергілікті тұрғындар судан 25 және 37 жастағы екі ер адамның денесін алып шықты", – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қайтыс болғандардың бірі Абай ауылының 37 жастағы тұрғыны, ағылшын тілі мұғалімі Қанат Шайхиденов болса, екіншісі – Астанадағы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебінің физика пәнінің мұғалімі Бекарыс Әминов.
Қайғылы жағдай болған күні Қанат отбасымен өзен жағасында демалып жатқан. Жақын жерде жасөспірім қыз бен екі ер адам суға түсіп жүрген. Кенет қыз суға бата бастаған. Сол кезде қыздың ағасы көмекке ұмтылған. Қыздың көмекке шақырған даусын естіген Қанат та суға секірген. Қызды аман алып қалғанымен, екеуі де жағаға жете алмаған.
Бекзат Сәбитов есімді тұрғынның айтуынша, Қанат Шайхиденов Абай ауылындағы мектепте жоғары білікті ұстаз болған. Артында жары мен бес баласы қалған. Үлкен ұлының мүгедектігі бар, ал кенжесі үш ай бұрын ғана дүниеге келген. Ал ауылға жазғы демалысқа келген Бекарыс Әминов тамыз айында шаңырақ көтермек болған.
Қайғылы оқиғаның ертеңіне BINOM мектебінің желідегі парақшасында Бекарыс Әминовтің отбасы мен жақындарына көңіл айтқан жазба жарияланды.
"Таңмен жеткен суық хабар бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Ортамыздағы ардақты, шәкірт жүрегінен ерекше орын алған, талантты да жас ұстазымыз Әминов Бекарыс Қалиоллаұлы дүниеден өтті деген қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдап отырмыз. Сене алар емеспіз. Бекарыс 2000 жылы 4 қазанда дүниеге келген. Теректі ауданының тумасы. Жоғары оқу орнын сәтті тәмамдап, Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебімізге ашылуынан жас маман ретінде келіп, алғашқы еңбек жолын осы білім ордасында физика пәнінің ұстазы ретінде бастады. Ұжымда өзінің зеректігімен, жауапкершілігімен, қарапайым да елгезек мінезімен ерекшеленді. Жас болса да, сынып жетекшілері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі жұмысын үлкен жауапкерлікпен атқарды. Әріптестері арасында сыйлы, ата-аналар мен оқушылардың ерекше құрметіне ие болды. Алда жарқын болашағы, үлкен армандары тұр еді. Биыл 2 тамызда өзінің үйлену тойы болуға тиіс еді… Бұл – орны толмас ауыр қаза. Жасындай жарқ еткен өмірінің мезгілсіз үзілуіне қайғыра отырып, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттерге қайғырып көңіл айтамыз", – делінген жазбада.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қаруланған броконьерлерді қуамын деп ажал құшқан қорықшы Нұрғалиев қалай қаза тапты
