Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында шенеунік ұлын жұмысқа заңсыз қабылдап, жоғары жалақы төлеп келген

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек аудандық прокуратурасы облыстағы балалар лагерлеріне тексеру жүргізді. "Тәрбие жұмысы орталығы" МКҚК-ны тексеру барысында орталық директорының "Жас Ұлан" балалар лагеріне тиісті біліктілігі мен білімі жоқ ұлын заңсыз жұмысқа қабылдағаны анықталды. Тіпті оған жоғары жалақы төлеп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: novyefoto.ru

Коммуналдық кәсіпорын директоры атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі ескертіліп, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңның 50-бабына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалақыдан артық төленген ақша мемлекетке қайтарылды.

Сонымен қатар "Достық" лагерінде инспекторлар ғимараттың апатты жағдайда екенін анықтап, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілерін анықтады. Оның ішінде 13 лагерь жұмысшысының тиісті медициналық рұқсаттары жоқ екені белгілі болды. 

“Бұнымен қоса балалар лагері директорының жалған жұмысқа орналастыру, сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру арқылы бюджет қаражатын ұрлау фактілері анықталды. Бәйтерек аудандық прокуратурасының бастамасымен 189-баптың 2-бөлігі "Адамдар тобының қызметтік бабын пайдаланып бөтеннің мүлкін жымқыру" бойынша, сондай-ақ 190-баптың 2-бөлігі "Өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып алаяқтық жасау" бойынша қылмыстық істер тіркелді. Кейіннен мемлекетке келтірілген залалдың толық өтелуін ескере отырып, қылмыстық істер тоқтатылды”, –делінген прокурордың мәлімдемесінде. 

Талқылау