Батыс Қазақстан облысында шаруалар қасқырлардың көбейіп кеткеніне шағымданды
Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданының тұрғындары аймақта қасқыр көбейгенін айтып, дабыл қақты. Жыртқыштар малға жиі шабуыл жасайтын болған. Алайда тірлігі төрт түлікке қараған жұрт маңайды торыған итқұсты аулай алмайды. Себебі рұқсат жоқ және арнайы тіркеуден өткен әр аңшыға шектеу бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Ұялы ауылдық округінде жүзге жуық мал түз тағысының жемтігіне айналған. Соның ішінде қожалықтарда шығын көп. Малын қыстақтағы шаруаларға қосатын Нұрболат Меңдіғалиев қазір сиырын ауылда бағып отыр. Өйткені даладағы агроқұрылымдар төңірегінде бөрілер өріп жүр дейді ол.
“Малымызды мына құмға қосамыз. Барған бойда 5-6 күннен кейін жеп қойды деген хабар келеді. Сонымен қатар ауылдан құмға барғанда шетте жүреді, сосын қағады. Ауылға кірген жоқ. Қасқыр атуға тыйым салынған ғой,ешкім атпайды. Құмдағы малшылардың бәрі шығынға батқандарын айтады”, – деді Ұялы ауылының тұрғыны Нұрболат Меңдіғалиев.
Ауылдық округте 62 қожалық бар. Бәрінің мәселесі ортақ. Шаруаларда мылтық болғанымен, қасқырды атуға рұқсат жоқ. Шаш-етектен шығынға батқан ағайын әкімдікке талай мәрте шағым түсірген. Алайда соңғы екі-үш жылда қасқыр мүлде ауланбапты.
- "Басына үш жерден, аяғына 21 жерден тігіс салынды": Ақтөбеде 13 жастағы оқушыны иттер талап тастаған
“Әр жиналыс, әр есептік кездесу сайын қожалықтар өздерінің көкейіндегі сұрақтарын қойып отырады. Енді қазіргі көктем уақытында немесе күзгі уақытта қасқырдың малға тиетіні рас. Қыста қардың болмауы кедергі болады, техника жүре алмайды. Қазір қасқыр атуға рұқсат алу онлайн, жеңілдік бар. Осы жоспарда 2-3 қожалықты біріктіріп аламыз ба деп отырмыз”, – дейді Ұялы ауылдық округының әкімі Ерлан Ермекқалиев.
Сала мамандарының айтуынша, 2017 жылы аймақта небәрі 400-ге жуық қасқыр болған екен. Сол кезден бастап оларды атуға қатаң шектеу қойылған. Ал биыл түз тағысының саны үш есе өсіпті. Енді 196 бөріні атуға рұқсат берілген. Арнайы құжат алу үшін аңшылар электронды порталға тіркеліп, өтініш тастауы тиіс. Алайда әрқайсысы 3 қасқырдан артық ата алмайды.
“Egov.kz порталы арқылы келіп түскен өтінімдерге сәйкес, 186 басты атуға рұқсат қағаздары берілді. Қазір 10 қалды. Өтініштерді аңшылар бере алады. Онда өзінің аңшылық куәлігі болу керек. Мылтықтың рұқсат қағаздары болуы тиіс. Сол деректерді көрсете отырып, қасқырды атуға рұқсат қағаздарын ала алады. Жыл бойына бір лимит беріледі, ол өзгермейді. Келесі жылға қасқырдың саны көбейсе, лимиттің де саны көбейеді деген сөз. Бір аңшы бірнеше ауданды көрсетеді. Ол заңды, әрине”, – деді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Арман Ізімғалиев.
Жыл соңына дейін облыста енді тағы 4 аңшы ғана қасқыр атуға рұқсат ала алады. Шаруалар сала мамандарынан тиісті құжаттарды берер кезде түз тағысы қаптаған аудандарға баса назар аударуды талап етіп отыр.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
