Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында Республика күніне орай спорттық шаралар өтті

25 қазан – Республика күніне орай БҚО-ның барлық ауданында және облыс орталығы Орал қаласында спорттық шаралар өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орал қаласында облыстың мемлекеттік қызметшілері футзалдан Орал қаласы әкімі кубогын сарапқа салды. Костюмдерін футбол формасына ауыстырған мемқызметшілердің екі күнге созылған аламанына Орал қаласы мен аудандардан келген 12 команда қатысты. 

Футзалшылар жарысының ашылуына Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, "Ақжайық" футбол клубының директоры Манарбек Ержанов, БҚО Футзал ассоциациясының президенті Жасын Хабибуллин және аудан әкімдері мен орынбасарлары қатысып, барша спортшыларды алдағы мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Дода қорытындысында Жәнібек ауданының командасы бірінші орынды,  казталовтықтар екінші орынды,  Бөрлі ауданының мемқызметшілер командасы үшінші орынды иеленді. Қатысушылар арасынан Еділ Елемесов "Үздік ойыншы", Асфандияр Амангелдиев "Үздік қақпашы", Марат Ерғалиев "Үздік қорғаушы", Ерлан Сағындықов "Үздік шабуылшы" атанды.

Мерекеге орай Жаңақала колледжінің ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің волейболдан облыстық ашық турнир өтті. Турнирге Ақжайық аграрлы-техникалық, Батыс Қазақстан индустриалдық, Бөкей ордасы, "А.Иманов"  атындағы жол-көлік, Қаратөбе, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар, Жаңақала, Жәнібек, "Жаhанша  Досмұхамедов" атындағы жоғары педагогикалық, Орал жоғары гуманитарлық-экономикалық, Орал "Сервис" технологиялық, Орал политехникалық, Орал ақпараттық технологиялар, Орал ақпараттық технологиялар, Сервис және жаңа технологиялар, Тасқала, Теректі, Халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледждерінің командалары қатысты. 

Ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Зәуре Гумарова, Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев, облыстағы бірқатар колледж басшылары қатысты. Жарыс Жаңақала ауданындағы спорт кешенде, гимназия және колледж спорт залдарында өтті.

Айтулы мерекеге орай Жаңақала ауданының Көпжасар ауылында "Jastar" спорт клубының спорт әдіскері Төлепов Бекжанның ұйымдастыруымен көкпардан ауылдық жарыс ұйымдастырылды.

Спорттық додада Жаңақала "Jastar" спорт клубының ат спорты нұсқаушысы Жәнібек Уахитов пен Қолқанат Серіков төрелік етті. Жарыс қорытындысында жүлделі ІІІ орынды "Құрдастар" командасы, II орынды "Оқжетпес" командасы, I орынды "Көпжасар" командасы олжалады.

Ал Казталов ауылында халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға арналған мекеме ұжымдары, ауыл тұрғындарының басын қосқан көпшілік жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Бұл шараның ашылу салтанатында еліміздің гимні ойналып, марафонға қатысушыларға Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов сәттілік тіледі.

Жүгіру алдында бірқатар айтулы жарыстардың жеңімпазы, ауданымыздың атын асқақтатып жүрген желаяқ Баубек Ілиясов дене қыздыру жаттығуын жасатып, марафоншыларға ақыл-кеңесін айтты.

Марафонға қатысушылар 5 шақырым қашықтықты бағындырып, белсенділіктерін танытты. Көппен бірге жүгіріп, көзге түскендерге "Ардагер спортшы", "Ең жас спортшы", "Үздік ұжым" аталымдары бойынша марапаттар табыс етілді.

Республика күні мерекесіне орай Орал қаласында баскетбол 3×3-тен қыздар арасындағы Батыс Қазақстан облысының күзгі чемпионаты өтті. Өңірдің үздік баскетболшыларын анықтап, елішілік жарыстарға баратын мықты ойыншыларды іріктеуге арналған жарысқа облыс орталығы мен аудандардан 180 спортшы, 45 команда қатысты. 

U-12, U-14, U-16 және  U-18 жас аралығындағы бұрымды баскетболшылар бәсекесі тартысқа толы болды. Қорытындысында "BQO.ARLANS" клубының қыздары 12, 16 және 18 жастағы спортшылар сынында да жеңімпаз атанды. Ал 14 жастағы спорт сынын Бәйтерек ауданының жас баскетболышлары жеңіп алды. 

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында мерекеге орай жеңілатлетикалық кросс өтті. Бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көпшілік шараға 300-ге жуық адам қатысты. Іс-шараның мәресінде лоторея ойнатылып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Талқылау